АСТАНА, 6 қазан – Sputnik. Бүгін Қазақстан халқы республикалық референдумда маңызды шешім қабылдайды. Атом электр станциясын саламыз ба, жоқ па, осы мәселенің нақты жауабын береді. Sputnik Қазақстан бүгінгі референдумға қатысты негізгі мәліметтерді ұсынады.
Қанша адам дауыс бере алады
Республикалық референдумға бір ғана мәселе шығарылады. Бюллетеньде "Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?" деген сұрақ болады. Оған "иә" немесе "жоқ" деп жауап беру керек. Ал АЭС салатын компаниялар көрсетілмейді. Себебі атом электр станциясы салына ма, жоқ па, әзірше белгісіз. Оны халықтың таңдауы, яғни алдағы референдум көрсетеді.
Соңғы мәліметке сәйкес, Қазақстанда 12 244 683 адам референдумда өз дауысын беруге құқылы.
Референдумда кем дегенде неше адам дауыс беруі керек
Заң бойынша сайлаушылар тізіміне кіретін адамдардың жартысынан көбі дауыс берсе, референдум өтті деп саналады. Ал дауыс бергендердің ішінде жартысынан көбі "иә" немесе "жоқ" деген жауапты таңдауы қажет. Соған қарай АЭС құрылысы бойынша шешім қабылданады. Демек 6 миллион 122 мың 341 адамнан артық дауыс берілген жағдайда референдум өтті деп саналады, ал соның ішінде жартысынан көбі – 3 миллионнан астамы "иә" десе, Қазақстанда АЭС салуға қатысты оң шешім шығарылады.
Ал дауыс берген азаматтардың саны 6 миллионға, яғни жалпы сайлаушылардың жартысына да жетпесе, онда референдум өтпеді деген шешім шығарылады да, оны екінші рет өткізуге тура келеді.
Референдумның нәтижесі қашан жарияланады
Жергілікті билік қыркүйектің 26-сына дейін халыққа дауыс беру орындары мен уақыты туралы хабар беруге міндетті. Арнайы шақыртулар да тартылды.
6 қазанда учаскелік комиссиялар таңғы сағат 7:00-ден кешкі 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Осы уақыттың ішінде дауыс беру керек. Ал әскери бөлімшелерде, тергеу изоляторларында, ауруханаларда және шипажайларда тізімдегі барлық адам дауыс берсе, учаскелік комиссия кез келген уақытта жұмысын аяқтай алады.
7-8 қазанда дауыс саналады және қорытынды шығарылады. Орталық референдум комиссиясы 12 қазанға дейін референдумның нәтижесін жариялауға міндетті. Ал сауалнамалардың нәтижесін дауыс берілгеннен кейін түнгі сағат 00:00-ден кейін жариялауға болады.
Сауалнаманы кімдер өткізеді
Бұған дейін Орталық референдум комисиясы 6 заңды тұлғадан тиісті құжаттардың көшірмелері түскенін хабарлаған болатын. Олар қоғамдық пікірге сауал сала алады.
1."AMANAT" партиясының "Қоғамдық саясат институты" - сауал салу әдісі: "face to face" сұхбаты, дауыс беру күні үй-жайлардан тыс және дауыс беру пункттерінен тыс сауал салу (exit-poll);
2."Астана - кешенді әлеуметтік зерттеулер институты" қоғамдық қоры ИКСИ "СОЦИС-А" - сауал салу әдісі: "face to face" сұхбаты, әлеуметтік желілер мен ақпараттық бюллетеньдерді қолдана отырып қашықтықтан сауал салу жүргізу, дауыс беру күні үй-жайлардан тыс және дауыс беру пункттерінен тыс сауалнама (exit-poll);
3."Демократия институты" ғылыми-зерттеу ассоциациясы" қоғамдық бірлестігі – сауал салу әдісі: "face to face" сұхбаты;
4."Еуразиялық интеграция институты" ЖШС – сауал салу әдісі: дауыс беру күні референдум учаскелерінен шығаберісте қоғамдық пікір жинауды өткізу (exit-poll);
5."KT Cloud Lab" ЖШС - сауал салу әдісі: телефон арқылы сауал салу, сауал салу тақырыбы: "Қазақстандықтардың Жолдауға және АЭС салу туралы мәселеге көзқарасы";
6."Қазақстандық қоғамдық даму институты" коммерциялық емес акционерлік қоғамы - сауал салу әдісі: телефон арқылы сауал салу.
Қандай жағдайда айыппұл салынады
Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 120-бабы (сайлауға байланысты қоғамдық пiкiрге сауал салуды жүргiзу шарттарын бұзу) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Атап айтқанда, сауал салуды жүргізген заңды тұлғаны, сауал салуға тапсырыс берген жəне оның ақысын төлеген тұлғаларды, сауал салу жүргізілген уақытты, ақпарат жинау əдісін, сұрақтың нақты тұжырымын, сауал салынғандар санын жəне сауал салу нəтижелерінің қателік коэффициентін көрсетпегені үшін айыппұл қарастырылған:
жеке тұлғаларға – 10 АЕК (36 920 теңге);
заңды тұлғаларға – 25 АЕК (92 300 теңге).
Ал сауалнама нәтижесі дауыс берілетін күні жарияланса, айыппұлдың көлемі өседі.
Референдумды кімдер бақылайды
Қазақстандағы референдумға шет елдер мен халықаралық ұйымдардың бақылаушылары келеді. Олардың ішінде ТМД, ШЫҰ, Түркі мемлекеттері ұйымы, Азиядағы өзара ынтымақтастық және сенім жөніндегі кеңес сияқты ұйымдар бар. Бұдан бөлек, референдумды 30-ден астам мемлекеттің өкілі бақылайды. Ал ЕҚЫҰ Адам құқықтары және демократиялық институттар бюросының өкілдері жұмыс жоспарының тығыздығына байланысты Қазақстанға келмейтін болды.
Сыртқы істер министрлігінің мәліметіне сәйкес, республикалық референдумды 37 елден барлығы 200 журналист бақылайды.
Айта кетері, бұған дейін Sputnik Қазақстан алдағы референдумға қатысты маңызды 10 сұрақтың жауабын әзірлеген болатын.
|