Қазақстан Республикасында мемлекеттік тілге деген сұраныс артып келеді. Ел тәуелсіздігінің 32 жылдығы қарсаңында қазақ тілінде ұйымдастырылып отырған іс-шаралар саны да артып отыр. Мұның бәрі егемендіктің арқасында қол жеткізіп отырған табыстарымыз деп айта аламыз. Бұл сонымен бірге ұлы бабаларымыздың мерейтойларына да арналып отыр.
26 сәуір күні Достық және шығармашылық үйінде Степногорск қалалық Оқыту-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен қалалық «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты дәстүрлі қалалақ байқау болып өтті. Өзге ұлт өкілдері арасында өткен бұл сайысқа орталықта білім алып жүрген тыңдаушылар қатысты. Мемлекеттік тілді білуге құмартып жүрген жерлестеріміздің тілге деген талпынысы күн өткен сайын артып, кең қанат жайып отыр. Бұл қалалық орталықтың нәтижелі білім беріп келе жатқанын да аңғартады.
Тілім – арым, ол менің мақтанышым,
Ризамын жүрекке от жаққаны үшін.
Тіл – адамның қаруы, қазынасы,
Туғанбыз соны баста сақтау үшін.
Тілің барда сен барсың, жоғалмайсың,
Өз тіліңсіз бәрібір оңалмайсың.
Көп тілді біл, сүй бірақ өз тіліңді,
Өз тіліңсіз бақытты бола алмайсың.
Қазақстан Республикасының Тіл туралы заңының 1 тарау 4-бапта Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі.
Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі.
Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы.
Үкімет, өзге де мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдар: Қазақстан Республикасында мемлекеттік тілді барынша дамытуға, оның халықаралық беледін нығайтуға;
Қазақстан Республикасының барша азаматтарының мемлекеттік тілді еркін және тегін меңгеруіне қажетті барлық ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық жағдайларды жасауға;
Қазақ диаспорасына ана тілін сақтауы және дамытуы үшін көмек көрсетуге міндетті.
«Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты бүгінгі қалалық байқауында осы мәселелер басты назарға алынып отыр.
Байқауға қатысушылардың еңбегін бағалап баратын әділқазылар алқасын таныстырып өткен жөн. Бұл туралы іс-шараны ашып, жүргізіп барған орталықтың әдіскері Жадыра Әбдіғаппарова баян етті.
Әділқзылар алқасының төрағасы қалалық «Престиж» газетінің тілшісі, Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі Полатбек Жанбаев, Қалалық Оқыту-әдістемелік орталығы директорының міндетін атқарушы Әдемау Қабылбекова және қалалық «Мақсат» колледжінің тіл маманы, мұғалім Бекзат Наурызбаева.
Бүгінгі «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты қалалық байқауға орталық тыңдаулырынан 6 кісі қатысып отыр. Енді көрермендерге оларды таныстырып өтуге кезек келді.
- Ноговыцин Георгий Владимирович – Степногорск қалалық ішкі істер басқармасының қызметкері.
- Ибрагимов Равиль Дауренбекович – Степногорск қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының маманы.
- Крамаренко Дарья Евгеньевна – Степногорск қалалық «Жедел жәрдем» бөлімінің фельдшері.
- Саленко Лариса Витальевна – Степногрск қаласындағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің кітапханашысы.
- Лепп Наталья Юрьевна – Степногрск қаласындағы №4 Л.Н.Толстой атындағы мектеп-гимназиясының мұғалімі.
- Құсайынова Светлана Юрьевна – үй шаруасында бала тәрбиелеп отырған ана.
Қалалық «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты сайыс шарттары үш кезеңнен тұрады. Осы сындардан сүрінбей өкендер абырой биігіне көтеріледі деп сендік.
- Қатысушы өзін көпшілікке таныстырады.
- «Бәйге». Қатысушы сұрақтарға жазбаша түрде жауаптар береді.
- «Ойлан, тап». Бір ұяшықты таңдап, сондағы суретке анықтама береді.
Қатысушылар ортаға шығуға дайындалғанша жас әнші Милана Ықышқызы «Атамекен» әнін шырқап, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
Сонымен тыңдаушылар арасында өткелі жатқан қалалық байқау басталып та кетті. Бірінші кезеңде олар өздерін жұртшылыққа таныстыруы керек. Бұл тұрғыда бірінші болып ортаға полиция бөлімінен келген мемлекеттік қызметкер Ноговыцин Георгий Владимирович шықты. Бойшаң жігіт ә дегеннен өзін жақсы ұстап, тақпақтай жөнелді. Тілге әжептәуір төселіп алған көрінеді. Тек тақпақтап қана қоймай, қалған бөлігін қарапайым құрмалас сөйлемдермен жалғай түсті. Өзінің жұмыс орыны, тегі мен атын, мамандығын мақтан етті. Қазақ тілін өз тілім деп білетінін жасырмай айтты. Соның арқасында ол қазылар тарапынан жоғары баға алды.
Екінші болып ортаға төтенше жағдайлар басқармасынан келген Ибрагимов Равиль Дауренбекович шықты. Ол тілді бес саусақтай білемін деп ойлайтын сияқты. Қара сөзбен қатырам дегені көрініп тұрды. Тақпақтап жатқан жоқ. Соған қарамастан таныстыруы тым қысқалау көрінді. Көп ізденсе нағыз жеңімпаз болатын осы жігіт деп ойладық. Үстіне киген киімдері де қазақша. Манағы Георгий де осындай қазақша кейіппен шыққан болатын. Равиль өзін ғана жай таныстырып өтті. Көп жәйттері ашып айтуына болар еді. Дайындығы онша көп болмағаны сезілді. Дегенмен жақсы баға алды.
Равильдан соң ортаға үшінші болып «Жедел жәрдем» бөлімінен келген ақ желеңді қарындасымыз Крамаренко Дарья Евгеньевна шықты. Бұл қыз жас болса да тілге деген ынтығы жақсы көрінді. Өзін-өзі қинап жатқан жайы байқалды. Сасып қалып, онысын ибалықпен жеңуге тырысады. Бәрін біліп тұрса да, толық ойын жеткізе алмай қиналған тұстары көп болды. Ықыласы зор болғандықтан оған құрметпен қарадық. Осы бағытпен бара берсе, қазақшасы да жақсы жолға түсіп кетеді деген үмітіміз алаулады. Сол үшін бағасы да жаман болған жоқ. Өзін, тегін, жұмыс орынын таныстырып өтті. Қазақ тіліне өте құрметпен қараймын деген ойын анық жеткізді.
Сонымен, төртінші болып ортаға қалалық кітапханадан келген кітапханашы ханым Саленко Лариса Витальевна шықты. Өзі байқауға кешігіңкіреп келгенмен, тілді жақсы меңгергені үшін өзіне сенетін де жайы бар сияқты. Әріптестеріне қарағанда Ларисаның жасы да ересектеу. Тәжірибесінің мол екені көзге ұрып тұр. Анау-мынау қазақша сөздерді еркін айта алады. Сол үшін де оның өзін таныстыруы бірнеше минутқа созылды. Біз де оған шектеу қоймадық. Бар білгенін ортаға салып, мейілінше ашық ой қозғады. Өзі осы Степногорск қаласында туған екен. Сонысын мақтан етеді. 1-ықшамауданда тұрып, сондағы №1 орта мектепте білім алғанын жеткізіп отыр. Отбасында салихалы ана. Отағасымен екеуі 2 ұл баланы өсірген. Балалары да өсіп кетіпті. Сөзінің соңын әнмен жалғады. Слайд арқылы барын базар етіп, ортаға салды. Қазақтың салты мен дәстүрін тәуір көреді екен. Онысын жасырып отырған жоқ. Тәжірибелі кітапханашы апайға жоғары баға қойдық. Жұрттың бәрі осы Ларисадай болса, нағыз бәсеке болар еді деп ойладық.
Бесінші болып ортаға №4 мектеп-лицейінен келген мұғалім Лепп Наталья Юрьевна шықты. Ол да жалындап тұр. Білгенін жеткізгенше асығатын сыңайы бар. Дегенмен кідірістері де аз болмады. Сол үшін сәл арқада қалып кете жаздайды. Білімі жеткілікті болғанымен, онысын қазақшалап толық түсіндіруі қиынға соқты. Еңбек пәнінің мұғалімі болған ол мамандығын мақтан етеді. Өзін таныстырғанда барын жасырмай айтып жатты. Үйінде екі бірдей мысық бар екен. Оларын да мақтан етеді. Өсіріп отырған 3 қызы көзінің ағы мен қарасындай. Оларға да қазақ тілін үйрену заман талабы деп үнемі айтып отырамын дейді. Талпынысы жақсы болған соң, Натальяның да бағасы жақсы болды. Көп ізденсе мұнан да зор табыстарға ерісеріне сенеміз.
Ақырғы болып ортаға үй бикесі Құсайынова Светлана Юрьевна шықты. Тегіне қарағанда қазақ отабасының келіні сықылды. Света да барынша өзін таныстырып, алға қойған мақсаттарын атап өтті. Жаман баға алған жоқ. Осылай талпына берсе, көздеген мақсаттарына жетеді деп ойладық. Қазақ отбасының келіншегі болса, оның қазақшасы алда талай биіктерді бағындырары рас. Тек талпынысты арттыру керек екені көзге көрініп тұрды.
Сонымен, жарыстың екінші кезеңіне де келіп жеттік. Енді мұнда нағыз қазақшаны саралайтын сәт келді. «Бәйге» деп аталған сұрақ-жауап сыны олардың тілге деген ұмтылыстарын сездіретін болады. Бір парақ қағазға қаншама сұрақтар берілген. Соған жазбаша жауаптар жазулары керек. Ол онша ауыр сұрақтар емес. Мысалы: «16 желтоқсан қандай күн?», «30 тамыз қандай күн?», «Бейбітшілік» сөзінің орысшасы қалай?» деген сияқты қарапайым сұрақтар оларды қинамауы керек. Бәрінен де ең маңыздысы мелекеттік тіл туразы заң қашан қабылданғанын білсе жетіп жатыр. Осы бағытпен олар қаншалықты дәріс алып жүргендіктерін көрсетеді.
Ноговыцин Георгий Владимирович бұл сұрақтарға кідіріп болса да жақсы жауаптар берді. Ибрагимов Равиль Дауренбекович сасып қалып, түсініспеушілік танытты. Соған қарамастан көрші қатысушының сұрағына жақсы жауап беріп, ұпайын тіктеп алды. Бұл оның қазақ тілін жақсы білуінің арқасында қол жеткізген жетістігі болатын.
Крамаренко Дарья Евгеньевна жас болса да әріптестерінен қалып қоймауға тырысты. Ол бәрін біліп тұрады, бірақ ойын толық жеткізе алмай қиналады. Талпынысының өзі оның мерейін өсіргендей болды.
Саленко Лариса Витальевна көпті көрген көреген екенін айғақтап жатты. Қазақтың тілін, оның дәстүрін жақсы білетін маман екенін көрсетті. Сұрақтарға да тәуір жауаптар қайтарды. Әріптестерінің білмегенін өзі толықтырып отырды. Бұл оның жан-жақты маман екенін аңғартты.
Лепп Наталья Юрьевна бала оқытып жүрген мұғалім болғандықтан көп нәрсені біледі. Өзі болса сәл шыдамсыздау ма, қалай. Білгенін жеткіземін деп адасып жатады. Дегенмен Наташа көзі ашық зиялы екенін көрсете білді. Сол үшін де ол жақсы баға топтады.
Құсайынова Светлана Юрьевна қазақша өз тілім ғой дегендей, дайындығы көп болмағанға ұқсады. Көп нәрсені білгенімен, оны дәл жеткізуінде кідіріп қалғаны рас. Соған қарамастан қазақ тілі өз тілім деп алға ұмтылды.
Үшінші кезең де келіп жетті. «Ойлан, тап» деген сынақ олардың бар біліктілігін ашып салды. Ноговыцин Георгий Владимирович ер жігіт болса да дәстүрлерді жақсы білетінін көрсетті. Ибрагимов Равиль Дауренбекович болса өзінің қазақ болып кеткенін сездіріп жатты. Қазақтармен қоян-қолтық араласып жүргені көрінді. Ұлттық тағам түрлерін айнытпай тауып отырды. Қыз ұзату, беташар деген дәстүрлер оған таңсық емес. Жас фельдшер Крамаренко Дарья Евгеньевнаны түк білмейді деп айта алмаймыз. Сөз саптауында қиналып жатса да, ойын анық жеткізуге талпынады. Саленко Лариса Витальевна болса өзіне қамшы салдырар емес. Білгенін айтып, басқалардан оқ бойы оза берді. Тәжірбиесі де мол емес пе, сонысымен алға қарай ұзап кетті. Бала оқытып жүрген Лепп Наталья Юрьевна оп-оңай жан беретіндерден емес екен. Білімі мен тәжірибесі же жеткілікті. Орыс пен қазақтың дәстүріндегі ұқсастықтарды жасырмай айтып жатыр. Осы бағытпен тіл үйрене берсе талай биікті бағындырары рас деп ойладық. Құсайынова Светлана Юрьевна өзі күнде көріп жүрген қазақи тірлікті қалай естен шығарсын, ол да білгенінің көп екенін көрсетіп жатты. Осынысымен ол арқада қалып қойған жоқ. Қазақтың тілі мен дәстүрі фәлсапаның көкесі дегенді көрсетті.
Сонымен жеңімпаздарды анықтау басталды. 3-орынға Ноговыцин Георгий Владимирович, Крамаренко Дарья Евгеньевна және Құсайынова Светлана Юрьевна қол жеткізді. 2-орынға Ибрагимов Равиль Дауренбекович пен Лепп Наталья Юрьевна ерісті. 1-орын Саленко Лариса Витальевнаға бұйырды. Оларға Мәдениет, тілдерді дамыту, денешықықтыру және спорт бөлімінің дипломдары мен естелік сыйлықтар тарту етілді. Ақ тілектер айтылып, алдағы жұмыстарына табыстар тіледік.
|