Қазақстан Республикасында 4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні болып табылады. Әр елдің өз рәміздері болатыны сықылды, біздің еліміздің де өз таңбалары бар. Оны бәріміз мақтан тұтамыз.
Біздің Степногорск қаласында бұл атаулы күн жыл сайын кең көлемде атап өтіледі. Биыл да солай болды. Қаламыз өзінің 60 жылға жуық тарихында өз белгілерімен есте қалып келеді. Соның бірі өзіміздің тутұғырымыз. Ол қаланың елу жылдығына орай құрылған болатын.
Сол тутұғыр маңында биылғы мереке атап өтілді. 4 маусымдағы сағат 10-30 кезінде қала жұртшылығы осы тутұғыр ауданына жиналды. Онда қалалық әкімдіктің, қалалық мәслихаттың мамандары, депутаттар мен басқа да өнер адамдары болды. Жыл сайын сағынтып келетін биылғы мерекенің де өзіндік ерекшелігі болғаны рас.
Мемлекеттік рәміздер – бұл кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, оның ажырағысыз атрибуттарының бірі. Қазақстанда ту, елтаңба және әнұран – мемлекеттік рәміздер болып саналады.
«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық заң 2007 жылы 4 маусымда қабылданды. Осы Заңға сәйкес жыл сайын 4 маусым Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекеленеді.
Қазақстан Республикасының заңнамалар жинағында рәміздерге арнайы 3 бап берілген. Қазақстанның мемлекеттік рәміздері заңмен қорғалған, сондықтан оны ешкімнің қорлауына жол берлмейді. Заңға сәйкес, мемлекеттік рәміздерді қорлағандар – 1 мың АЕК- тен 2 мың АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға немесе бір жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не нақ сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Тәуелсіздігін енді жариялаған Қазақстан үшін мемлекеттік рәміздерді қабылдау жеңіл болған жоқ. Тиісті мемлекеттік органдар мен мекемелер аса жауапты істі жан-жақты ізденіспен жасаған. Алдымен 1992 жылдың басында Жоғарғы Кеңестің төралқасы мемлекеттік символиканы дайындау бойынша жұмыс тобын құру туралы қаулы қабылдады. Осы құжатқа сәйкес арнайы шығармашылық комиссия құрылды. Оның құрамына белгілі заңгерлер мен қоғам қайраткерлері кірді.
Қаулыға сәйкес, Елтаңба, Ту және Әнұран жобаларын жасауға конкурс жарияланды. Оған 600-ден астам адам қатысып, өз жобаларын ұсынған. Байқауға қатысушыларға болашақ мемлекеттік рәміздердің тарихи, саяси және экономикалық символизмге сәйкес келуі міндеттелді.
Мемлекеттік ту.
Мемлекеттік ту 1992 жылдың 4 маусымында қабылданды. Туды таңдау конкурсына, түрлі эскиздер бейнеленген 1200-ден астам шығармашылық еңбектер ұсынылған. Соның ішінен Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Шәкен Ниязбековтың жобасы таңдалып алынды.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік туы – ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек тік жолақ түрінде нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес.
Қазақстандағы ең үлкен ту елордадағы «Атамекен» этномемориалдық кешеніндегі Мемлекеттік рәміздер алаңында орналасқан. Биіктігі – 111 метр. Кешен 2009 жылы салынған.
Ту мемлекеттік мекеме маңдайшаларында міндетті түрде болуы керек және үнемі оң жаққа қарай желбіреуі тиіс.
1994 жылы 1 шілдеде Талғат Мұсабаев тұңғыш рет қазақтың Туын ғарышқа апарды. Ал 2015 жылы ғарышкер Айдын Айымбетовтің ғарышқа сапары кезінде Қазақстанның Туы Жерді 150 рет айналып ұшты.
Мемлекеттік елтаңба.
Қазақстанның мемлекеттік елтаңбасы да 1992 жылдың 4 маусымында қабылданды. Оны да таңдау оңайға соқпаған. Конкурсқа болашақ Елтаңбаның 245 сурет жобасы мен 67 суреттемесі ұсынылған. Дегенмен, бұл байқауда белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлихановтың туындысы жеңіп шығып, реми бекітілді.
Елтаңба – дөңгелек нысанды және көгілдір түс аясындағы шаңырақ түрінде бейнеленген, шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Жоғарғы бөлігінде – бес бұрышты көлемді жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Қазақстан» деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесі, сондай-ақ «Қазақстан» деген жазу – алтын түстес.
Елтаңбаның белгісі Қазақстан азаматының туу туралы куәліктен бастап зейнетақы кітапшасына дейінгі кез-келген құжатында болады.
Мемлекеттік гимн (әнұран).
Гимн – мемлекеттің басты рәміздерінің бірі. Гректің «gimneo» сөзінен шыққан «гимн» термині «салтанатты ән» деген мағынаны білдіреді. Гимн ел азаматтарын тиімді әлеуметтік-саяси тұрғыдан топтастырып, этномәдени тұрғыдан теңдестіру үшін негізгі мәнге ие, маңызды дыбыстық рәміз саналады.
Тәуелсіз Қазақстанның тарихында еліміздің мемлекеттік гимні екі рет бекітілді. Оның алғашқысын қабылдау үшін 1992 жылы байқау жарияланды. Конкурсқа жалпы саны 750 туынды ұсынылды.
Байқау қорытындысы бойынша Қазақ КСР гимнінің музыкалық редакциясын сақтау туралы шешім қабылданды. Осылайша тәуелсіз Қазақстанның алғашқы гимінің музыкасының авторлары Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский және Латиф Хамиди болды. Сонымен қатар, үздік мәтінге жарияланған байқауда авторлар ұжымы, белгілі ақындар Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев және Жадыра Дәрібаева жеңіп шықты. Сөйтіп, 1992 жылы 11 желтоқсанда байқаудан соң еліміздің алғашқы әнұраны бекітілді.
Алайда, халық белсенділері 1992 жылы қабылданған әнұран мәтінінің жаттауға тым қиын екенін айтқан. Бұл мәселе мемлекеттік деңгейде 2000 жылы қызу талқыланған. Оны парламент депутаттары қызу талқылап, мектеп оқушыларының екі жылда мәтінді толық жаттай алмағанын мәлімдеген. Осылайша, бұл әнұранды өзгерту туралы шешім қабылданды.
Елдің дыбыстық рәмізінің танымалдығын арттыру мақсатында 2006 жылы жаңа мемлекеттік әнұран қабылданды. Оның негізі ретінде халық арасында кеңінен танымал «Менің Қазақстаным» патриоттық әні таңдап алынды. Әнді Шәмші Қалдаяқов 1956 жылы Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазған болатын. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әнге мемлекеттік гимн жоғары мәртебесін беру және анағұрлым салтанатты шырқалуы үшін музыкалық туындының бастапқы мәтінін өңдеді. Қазақстан Парламенті 2006 жылы 6 қаңтарда палаталардың бірлескен отырысында «Мемлекеттік рәміздер туралы» Жарлыққа тиісті түзету енгізіп, еліміздің жаңа мемлекеттік гимнін бекітті.
Бірінші рет ол 2006 жылы 11 қаңтарда Мемлекет басшысының салтанатты ұлықтау рәсімінде орындалды.
Иә, осындай тарихи жолда басып өткен Мемлекеттік рәміздеріміз бүгінде өзінің шырқау биігіне көтерілді. Ол олимпиадалық жеңістерімізде шырқалып, көкке туымыз желбіреді.
Степногорск қаласында болған митинг кезінде іс-шараны жүргізуші Берікбай Шұғайып пен Мәдина Бекболат жиналған жұртшылыққа бүгінгі күннің маңызды екенін еске түсірді. Тәуелсіздік пен егемендіктің нышанына айналған рәміздеріміз ел тарихында үлкен маңызға ие. Сол үшін елжанды әрбір қазақстандық рәміздерімізді аса құрмет тұтады.
Мемлекеттік әнұран шырқалған кезде бәріміз қолдарымызды жүрек тұсымызға қойдық. Сол кезде тутұғырдың басты нышаны көк туымыз көкке көтеріле бастады. Елді сүйген әрбір азамат бұл сәтті жүрекпен ұнатады. Әнұран шырқалып болғанша алып ту да биікке көтеріліп, өз орнына барды.
3517 әскери бөлімнің жауынгерлері және бір алып туды алаңға алып келді.
Жиналған жұртшылықты Степногорск қаласының әкімі Алпысбай Қуандықұлы Қайыржанов құттықтады. Мемлекеттік рәміздер күні атаулы мерекеміздің бірі. Бұл көп ұлтты халқымыздың арасында кең көлемде тойланады. Өзіндік тарихы бар рәміздеріміз бүгінде әлемдік стандарттарға сай келеді. Көк байрағымыз әрқашан биіктен көріне берсін. Еліміз өркендей берсін. Ұлы дала елі мәңгілік басай берсін!
Митингте әндер шырқалды. «Горняк» ОМС үш дауысты әншілері «Отаным – Қазасқтан» деген әнді айтты.
Одан соң қазақ биін «Қазына» би ансамблінің жас бишілері мың бұрала билеп берді.
«Қазақ елі» әнін «Эстрада театры» өнерпаздары орындап шықты. Сол сияқты, «Алға!» әнін әнші Арлан Құрбанбаев айтып, жиналған жұртшылыққа қол соқтырды.
Көк туымыз биіктен желбіреп, әнұранымыз кеңге шырқалды. Елтаңбамыз болса мақтанышымызға айналып отыр.
Рәміздер күні тек қаламызда ғана емес, қалаға тиісті ауылдар мен кенттерде де кең көлемде атап өтілді. Білім ұялары мен тәрбие ошақтары да бұл күнді елеусіз қалдырған жоқ. Мерекедегідей сәнді киінген жұртшылық рәміздер күнін кең пейілмен атап өтетіні көрінді. Жыл өткен сайын рәміздеріміздің мәртебесі де өсе түсуде.
|