Соның нәтижесінде бізде ономастика саласындағы жұмыстың бірыңғай әрі нақты регламенті бар. Алайда тиісті рәсімдерді өзгертіп қана қоймай, сонымен бірге, бұл жұмыспен тиянақты айналысу керек.
Тарихи әділдік қағидатын қатаң ұстану қажет.
Біздің көрнекті тарихи тұлғаларымыз ұлықтауға әбден лайық. Сөз жоқ. Олардың есімін ел жадында сақтау – перзенттік парызымыз әрі жалпыұлттық болмысымызға тән қасиет.
Бірақ ономастиканы «тарихи еңбегі» ешқандай архив құжаттарымен расталмаған тұлғаларды ұлықтау құралы етуге болмайды.
Тәуелсіз Қазақстанда жоғары қызмет атқарған азаматтардың өзі кеңес дәуірінің қайраткерлерін, соның ішінде ашаршылықты ұйымдастыруға қатысы бар адамдарды әсіре мадақтаумен айналысып жүр. Бұл – өкінішті әрі түсініксіз нәрсе.
Жалпы, бұл жұмысты ретке келтіру керек. Ел тарихында айрықша рөл атқарған әйгілі бабаларымыздың есімі көптеген елді мекендер мен көшелерге берілген. Енді осымен тоқтайық.
Өткен заман қайраткерлерінің атын ел жадында сақтау мәселесіне мейлінше салмақты көзқараспен қараған жөн. Қалалар мен көшелердің атауынан халқымыздың төл тарихы көрініс табуы қажет.
Біз әдемі жер-су атауларын және халық ішінде кең таралған дәстүрлі атауларды толық пайдаланбай жүрміз.
Бірақ ауыл-аймақтардың тарихи тұрғыдан ескірген атауларын өзгерту мәселесіне мұқият қараған жөн. Бұл жерде ешқандай науқаншылдық болмауы керек.
Халық арасында жан-жақты түсіндіру жұмысын жүргізіп, тұрғындардың пікірін ескеру маңызды.
Қазір елді мекендердің аумағы ұлғайып жатыр, қалаларда жаңа аудандар бой көтеруде. Осыған байланысты атауы қайталанатын немесе мүлдем атауы жоқ мыңдаған көше пайда болды.
Бұл жағдай өрт сөндірушілерге, тәртіп сақшыларына, жедел жәрдем мен басқа да құрылымдарға қиындық туғызады. Ең алдымен осындай көшелердің атауын ретке келтіру қажет.
Жекеменшік нысандарға атау бергенде де жүгенсіздік болмауы керек.
Кейде қала көшелерінде айтуға ыңғайсыз атауы бар тақтайшалар ілулі тұрады.
Креатив деген, әрине, жақсы, бірақ қоғамдық тәртіп және әдеп нормаларын сақтау керек.
Сондықтан кәсіпкерлердің де ономастика мәселесіне жауапкершілікпен қарағаны жөн.
Қазір депутаттар ономастика комиссиясының келісімімен ғана жеке нысанды адам атымен атауға рұқсат беретін түзетулерді қарап жатыр. Бұл – дұрыс шешім.
Ономастика саласын, мемлекеттік және мекемелік марапаттар жүйесін жетілдіру, жасампаздық құндылықтарын дәріптеу, әлеуметтік кеселдерді жою, азаматтық қоғамды дамыту – мұның бәрі ауқымды идеологиялық жұмыстың ажырамас бөлігі.
Сондықтан ішкі саясаттағы шаруаның бәрін жүйелейтін біртұтас тұжырымдамалық құжат керек деген пікірмен келісемін.
Ұлттық құрылтай мүшелері – Еділ Жаңбыршин, Айдос Сарым, Никита Шаталов, Гүлмира Илеуова, Андрей Чеботарев, Данияр Әшімбаев, Марат Шибұтов және басқа да азаматтар осындай ұсыныс айтты.
Олар өз бастамасын іске асырып, Ішкі саясат тұжырымдамасының жобасын да әзірледі.
Мемлекеттік органдар бұл жобаны жан-жақты зерделеп, барлық мәселені пысықтауы қажет.
Құжатта құзырлы органдар мен мүдделі тараптардың қызметі бір арнаға тоғысуы керек. Онда мемлекеттік идеология жұмысының мақсат-міндеттері мен басымдықтары нақты белгіленуге тиіс.
Тұжырымдамада халқымыздың бірегей болмысын, өмір салтын сипаттайтын жалпыұлттық құндылықтар мен негізгі нышандар айқын көрсетілуі керек. Бұл, ең алдымен, осы құндылықтар мен нышандарды қоғамда орнықтыру, оларды кеңінен дәріптеу және қорғау үшін қажет.
Келесі мәселе. Ұлттық бірегейлігімізді нығайту жолында мәдениет саласы айрықша рөл атқарады. Әсіресе, төл мәдениетіміздегі Әз-Наурыз мейрамының орны бөлек.
Наурыз мерекесі туралы жаңа тұжырымдама әзірленді. Еліміз Ұлыстың ұлы күнін 14 наурыздан, яғни Амал күнінен бастап, он күн бойы атап өтетін болды. Әр күнге нақты атау берілді. Жұртшылық бұл бастаманы жақсы қабылдады. Әсіресе, Наурызнамадағы «Ұлттық киім күні» қоғамның зор қолдауына ие болды.
Ұлттық киімдерге деген қызығушылық арта түсті. Мектептерде, түрлі мекемелерде, сондай-ақ, ірі компанияларда ұлттық киімге мән беріле бастады. Сұранысқа сай тігін цехтары ашылып, жаңа брендтер, дүкендер пайда болды.
Осылайша, ұлттық киім кию біртіндеп қалыпты көрініске айналып келеді. Бұл – өте жақсы үрдіс.
Бет-жүзді тұмшалайтын қара киімнен гөрі өзіміздің ұлттық киімдеріміз әлдеқайда артық. Әсіресе, әйелдердің дәстүрлі киімі өте ғажап көрінеді. Себебі ұлттық киім, бұл – біздің бірегей ұлттық болмысымыздың маңызды көрінісі. Оны жан-жақты дәріптеуіміз керек.
Тәуелсіздік жылдарында мәдениет саласында көп жұмыс атқарылды. Классикалық және заманауи музыкаға арналған сәулетті ғимараттар салынды. Көптеген театр ашылды.
Қазақстанда театр өнеріне қызығушылық артып келеді. Зал көрерменге толы, қойылымдардың премьерасына билеттер екі-үш апта бұрын сатылып кетеді.
Сахна өнеріне құштар жандардың арасында жастардың көп болуы көңілге ерекше қуаныш ұялатады.
Қазір Қазақстанда 46 аймақтық театр бар.
Алайда, оның көпшілігінің жай-күйі мәз емес.
Мысалы, Семейде бір ғимаратта үш бірдей театр сығылысып отыр.
Әсіресе, аймақтарда театрларды салуға және дамытуға баса назар аудару керек.
Халқымыздың мәдени әралуандығын сақтауға мүмкіндік беретін орыс және басқа да ұлттық театрларды қолдау маңызды.
Елімізде өнердің бұл түрі де табыс әкелетінін дәлелдеп жүрген жеке театрлар аз емес.
Сондықтан бизнес өкілдерін аймақтағы театрларға белсене қолдау көрсетуге шақырамын.
Биыл ұлы Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толады.
Мен осыдан бес жыл бұрын ұлы ойшылдың туғанына 175 жыл толуына орай Семейде абайтанушы ғалымдармен кездестім, сол кезде Абай институтын құру туралы ұсыныс айттым.
Бүгінде бұл бастама цифрлық платформа форматында іске асырылды, яғни біздің диаспоралар мен басқа да шетелдіктерге қазақ тілін үйрету құралы ретінде жұмыс істеп тұр.
Енді осы жобаны толыққанды мәдени-ағарту мекемелеріне айналдыру қажет. Бұл құрылым Конфуций, Гете, Сервантес институттары сияқты жұмыс істеуі керек.
Абай институты негізгі серіктес елдердің бәрінде төл мәдениетімізді насихаттайтын орталық болуға тиіс. Бірқатар елде, мысалы, Қытай, Түркия, Моңғолия және басқа да мемлекеттерде осындай орталықтар ашылатын болды.
Сыртқы істер министрлігі мен «Отандастар» қорына Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп, шетелде осындай орталықтар ашу мәселесі бойынша тиісті жұмысты жалғастыруды тапсырамын.
Тағы бір мәселе. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы белсене айналысуда. Бұл – қуантарлық жайт. Осы ұйымның бастамаларын біз тұтас қоғам болып әрі қарай қолдауымыз керек.
Мәдениет дегеніміз – жай ғана ғимараттар мен мекемелер емес. Бұл – ұлттық сана-сезімді жаһандық ауқымда нығайта түсетін мықты тұғыр.
Біз ЮНЕСКО-мен ынтымақтастық аясында Қазақстанның материалдық және материалдық емес мұраларын халықаралық тізімдерге енгізуге айрықша мән беріп жатырмыз.
Үкімет түрлі ұлттың барша адамзатқа ортақ білім қазынасына қосқан зияткерлік үлесін көрсететін «Әлем жады» тізіміне деректі мұраларымызды енгізу жұмысын жандандыру қажет.
Жаңа заманда біздің алдымызда жаңа міндеттер тұр.
Көптеген ел өзінің салт-дәстүрі мен қазіргі инновацияларды өзара үйлестіру арқылы дамудың даңғыл жолына түскенін тарихтан көріп-біліп отырмыз.
Сол секілді біз де төл мәдениетімізді қазіргі әлемдегі шынайы жағдайға бейімдеуіміз қажет.
Бүгінгі таңда мәдениет және идеология саласы жасанды интеллектінің ықпалымен түбегейлі өзгере бастады. Бірақ оған толық үміт артуға болмайды. Адам факторы әлі де маңыздылығын жоғалтқан жоқ.
Танымал сервистерге қазіргі заманғы Қазақстан туралы сурет немесе видео әзірлеуге сұраныс берсек, көбінесе шындыққа жанаса бермейтін өнім ұсынады.
Әзірге интернет кеңістігінде Қазақстан туралы әлемнің кең таралған тілдеріндегі, әсіресе, ағылшын тіліндегі ақпараттар көп емес.
Үкімет қолда бар орасан зор деректерді, соның ішінде мұрағаттар мен анықтамалық мәліметтерді, ғылыми зерттеулерді, иллюстрациялар мен фотосуреттерді, музыкалық шығармаларды және өнер туындыларын цифрлық форматқа көшіру жұмысын бастап кетті.
Ұлттық цифрлық мұрағат құрып, оны еліміздегі және шетелдердегі нейрожүйе жасаушылардың еркін пайдалануына мүмкіндік беру керек.
Соңғы жылдары біз ұлттық бірегейлігіміздің маңызды факторы – тарих ғылымының дамуына ерекше көңіл бөліп жатырмыз.
Бүгінгі Құрылтай тағы бір тарихи белеске тұспа-тұс келді. Биыл ел астанасын Қызылордаға көшіру туралы тарихи шешімнің қабылданғанына жүз жыл толып отыр.
Халқымыздың «қазақ» деген байырғы атауы да бір ғасыр бұрын қайтарылды.
Біздің мемлекеттігіміз мыңжылдықтардан бастау алады, оның тамыры тым тереңде жатқаны даусыз.
Бірақ осыдан бір ғасыр бұрын ұлтымыздың өз атауының оралуы тарихи әділдік орнату жолындағы маңызды қадам болғанын ашық айтуымыз керек.
Бұл істе сол кездегі Үкімет басшысы Сәкен Сейфуллин айрықша рөл атқарды. Ол «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік» деген мақала жазып, арнайы идеологиялық науқанды бастап берді.
Мұндай маңызды оқиғалар ел жадында сақталуға тиіс.
Осы ретте Құрылтайдың келесі отырысын Сыр бойында, кезінде Қазақ елінің астанасы болған Қызылорда қаласында өткізуді ұсынамын.
Осы жиында мен көрнекті қаламгер Төлен Әбдіктің жыл басында «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатын атап өткім келеді. Жазушы «Атаның баласы болма, адамның баласы бол» деп, орынды пікірін айтты.
Осы ретте қосымша айтарым: Өз ұлтыңды өзгелерден биік қою түптің түбінде жарға жығады. Қазақ халқы өзгелерден кем емес, бұл – ақиқат, бірақ артық та емес деп айтуымыз керек.
Қазақ халқын данышпан деп айтсақ, қателеспейміз. Дегенмен дүние жүзінде данышпан халықтар аз емес. Бұл да – ақиқат. Мұндай пікір кейбір адамға ұнамауы мүмкін. Алайда, көпшіліктің көңілінен шығамын деп, тура сөзден жаңылуға болмайды.
Шын мәнінде, әр ел басқа жұрттан даму деңгейіне қарай озбақ.
Жалпы, біз төл тарихымызға көкжиегі кең, тамыры терең өркениеттік көзқараспен қарауымыз керек. Бұл – өте маңызды. Сонда ғана халқымыздың өткеніне, бүгіні мен болашағына мүлде жаңа көзқарас пайда болады.
Қазір отандық тарих ғылымының және біздің зияткерлеріміздің алдында төл тарихымыз туралы түсінікті жаһандық өркениет парадигмасы тұрғысынан кеңейту міндеті тұр.
Ашығын айтсақ, көптеген ғалымдар мен қоғам белсенділері әлі күнге дейін Қазақстанның жылнамасына ұлттың жадына жара салған тарихи оқиғалар тұрғысынан қарайды.
Бұл жағдай төл тарихымызға көзқарас ауқымын тарылтады. Біз барынша кең әрі терең ойлауымыз қажет.
Осы сәтті пайдалана отырып, кеңестік кезеңге қатысты біржақты талдаулар мен пайымдаулардан сақтандырғым келеді. Менің пікірімше, біз үшін бұл ортақ тарихтың күңгірт тұстары болды, бірақ жарқын тұстары да бар. Мұны дұрыс түсіну керек. Әйтпесе, біз әлеуметтік-саяси даму жолында салдары ауыр соғатын адасудың құрсауында қалуымыз ықтимал.
Аз зерттелген немесе мүлде зерттелмеген тақырыптарды ғана зерделеу жеткіліксіз.
Біз Қазақстанды әлем өркениетінің дербес бөлігі ретінде танытуымыз керек.
Қазақ халқының әмбебап әрі бірегей өмірлік тәжірибесін толық ашып көрсету маңызды. Бұл қазіргі Қазақстанның миссиясын терең түсінуге септігін тигізеді.
Көшпенділер өркениетінің бесігі болу дегеніміз – өз еліңнің өткенін есте сақтау ғана емес.
Сонымен бірге, бұл – түрлі халықтар мен мәдениеттерді, дәуірлер мен кеңістіктерді ортақ игілік үшін жұмылдыру деген сөз.
Тарихымыздың әр белесі бізге бөлінуді емес, бірігуді, қиратуды емес, жасампаз болуды үйретіп келеді.
Сондықтан Қазақстан Ұлы дала жүрегі ретінде бүгін де өзінің тарихи миссиясын жалғастыра беруі керек.
Көне заманнан келе жатқан көшпенділер дәстүрі елді артқа тартатын емес, болашаққа бастайтын мықты қуат көзі болуға тиіс. Дей тұрғанмен, тарихты аңызға айналдырып, ескі заманның шырмауында қалып қоюға да болмайды.
Тарихи-мәдени мұрамызды ХХІ ғасырға сай жаңғыртып, жүйелі түрде дәріптеуіміз қажет.
Ғылыми зерттеулер жүргізу, тарихи ескерткіштерді қалпына келтіру, археологиялық қазба жұмыстарын жандандыру, музей ісін дамыту, шетел мұрағаттарын зерделеу, салт-дәстүрімізді жаңғырту – осы жұмыстың бәрін бір жоспарға келтіру керек.
Құрметті жиынға қатысушылар!
Біз Ұлттық құрылтайдың отырыстарында үнемі әлеуметтік және мәдени-гуманитарлық мәселелерге қатысты маңызды шешімдер қабылдап қана қоймай, ел дамуының басқа да бағыттары бойынша басты басымдықтарды айқындаймыз.
Аймақтардағы экономиканың өркендеуіне серпін беретін жаңа мүмкіндіктерге жол ашу және өңірлердің даму деңгейіндегі теңсіздікті жою – қазір мемлекет алдында тұрған негізгі міндеттің бірі.
Биыл экономиканың нақты секторына жұмсалатын қаржы көлемін екі есеге жуық көбейтіп, 8 триллион теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Алдағы жылдары Үкімет нақты секторға бөлінетін қаржы көлемін 10 триллион теңгеге дейін жеткізуге тиіс.
Бұл жерде бизнесті қолдаудың елімізде бұрын-соңды болмаған ауқымды шаралары туралы айтылып отыр.
Сондықтан биліктің, Үкіметтің бизнеске қысым көрсетіп жатқаны жөніндегі әңгімелер мүлде негізсіз. Бизнес әрдайым Үкімет назарында болған, алдағы уақытта да тыс қалмайды.
Қазір бүкіл елімізде ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып жатыр.
Атап айтқанда, 2025-2026 жылдардың өзінде Қашаған кенішінде газ өңдеу зауытын, сонымен бірге, «Талдықорған – Үшарал» магистральді газ құбыры мен «Бейнеу–Бозой-Шымкент» газ құбырының екінші желісін іске қосу көзделген.
Үкімет Қызылорда және Түркістан облыстарында бу-газ құрылғысына негізделген электр стансасын салуды жоспарлап отыр. Алматыдағы ЖЭО-2 және ЖЭО-3 жаңғыртылатын болады.
«Кендірлі» демалыс аймағында су тұщытатын зауыт жұмыс істей бастайды. Кәсіпорын Жаңаөзен қаласы тұрғындарын ауыз сумен тұрақты қамтамасыз етеді.
Қарағандыда және Екібастұзда болат қорытатын зауыттар, Жамбыл облысында минералды тыңайтқыш өндіретін химия кешені пайдалануға беріледі.
Алматы қаласында және Қостанай облысында автокөлік зауыттары ашылады.
«Достық-Мойынты» темір жол учаскесінің және Алматы бекетін айналып өтетін темір жол желісінің құрылысы аяқталады. «Қызылжар – Мойынты» бағытында жаңа жоба басталады.
Ақтауда Каспий теңізінің жағалауындағы контейнер хабы салынып бітеді.
«Қорғас – Шығыс қақпа» ЕЭА аумағында халықаралық әуежай жұмыс істей бастайды. Зайсан, Катонқарағай мен Кендірлі демалыс аймақтарында да әуежай ашылады.
Каспий теңізінің ұлтанымен талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылады, бұл қадам Еуропа мен Азия арасында цифрлық дәліз жасауға мүмкіндік береді.
Еліміздің автокөлік жолдары желісін дамыту жұмысының мән-маңызы өте зор.
Осы тұста тағы бір маңызды инфрақұрылымдық жоба қолға алынатыны туралы жариялағым келеді.
Мен Үкіметке Астанадан Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне тура шығатын автокөлік жолының құрылысын бастауды тапсырдым.
Жаңа күре жол орталық және батыс аймақтардың арасын 560 шақырымға қысқартады.
Бұл – тұтас Торғай өңірінің дамуына тың серпін беретін ауқымды жоба.
Бұдан бөлек, Арқалықтағы әуежайды қалпына келтіріп, жаңа аэровокзал салған жөн. Бұл жоба ішкі көлік қатынастарын едәуір жақсартады. Сондай-ақ орталық аймақтағы ауыл шаруашылығы жерлерін игеруге және мал шаруашылығын дамытуға тың серпін береді. Елімізде машина жасау, металлургия, мұнай-химия, агроөнеркәсіп және көлік-логистика салаларында мұндай жобалар аз емес.
Алдағы төрт жыл ішінде елімізде жыл сайын 200-ге жуық инвестициялық жоба іске қосылып отырады.
Осы арқылы біз мемлекеттің жаңа индустриялық қалыбын жасап, көлік-транзит әлеуетін нығайта түсеміз.
Біздің мемлекетімізге ірі инфрақұрылымдық жобалар өте қажет. Ауқымды жобалар аймақтардың экономикалық мүмкіндігін арттырады.
Мыңдаған жаңа жұмыс орнын ашып, азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға ықпал етеді.
Жалпы айтқанда, ірі жобаларды жүзеге асыру – еліміздің осы аймақтағы көшбасшылық рөлін арттыратын бірден-бір жол.
Біз 2022 жылы жаңадан үш облыс құрып, осы аймақтардың дамуына күшті серпін бердік. Бұл ақыры дұрыс шешім болды. Әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер едәуір артты, инвестиция келе бастады.
Соның арқасында жергілікті тұрғындардың тұрмыс сапасы да жақсара түсті.
Дегенмен Үкімет жаңа облыстардың ахуалын бақылауда ұстауға тиіс. Оларға көмектесу қажет.
Менің тапсырмаммен Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында шекара маңындағы бірнеше аудан қалпына келтірілді. Мұны жұрт өте жақсы қабылдады. Жаңа аудандарда тіршілік жанданды, инфрақұрылым жақсара бастады.
Ауылды дамыту тұжырымдамасында шекаралық аумақтарға қатысты жұмыстың негізгі бағдары айқындалған. Шеткері жатқан елді-мекендердің ахуалы ел іргесінің бекем болуына тікелей әсер етеді. Бұл – стратегиялық маңызы бар мәселе. Сондықтан осы бағыттағы жұмысты белсенді түрде жалғастыру керек.
Amanat партиясы шекара маңындағы аудандарды дамытуға қатысты жаңа заң қабылдауды ұсынып отыр. |