Главная » 2025 » Июнь » 13 » Мектеп кітапханасындағы мереке (Полатбек ЖАНБАЕВ)
23:14
Мектеп кітапханасындағы мереке (Полатбек ЖАНБАЕВ)

Ағымдағы жылдың 23 сәуір күні елімізде ресми түрде Ұлттық кітап күні аталып өтілді. Сондай басқосудардың бірі Степногорск қаласындағы №5 Сәкен Сейфуллин атындағы КМЛ білім ұясында да болып өтті.

 

Әдетте бұл жаңа мәдени мереке – кітап оқудың маңыздылығын арттырып, әдебиетке деген қызығушылықты қалыптастыруды көздейтін маңызды бастама. Жаңа мерекені енгізу туралы бастаманы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған болатын.

Степногорск қаласындағы ең бір үлгілі білім ұясы осы С.Сейфуллин атындағы №5 көп салады мектеп лицейі. Бұл білім ұясы 1973 жылы құрылған болатын. Тәуелсіздік алғаннан соң аталмыш мектеп Степногорск қаласындағы тұңғыш ұлттық мектеп болып қайта құрылды. Ұлт зиялылары жоғарыға мәселе қою арқылы мектебіміз ана тілімізде білім бере бастады. Марқұм Тоқтамыс Сағиев ағамыздың еңбегі зор деп айта аламыз. Көп жылдар бойы осы мектепке директор болған Болатова Ғалия Бәтиқызы сіңімді еңбек етті. Қазақ мектебінің өзгелерден қалмай, алға озуы үшін бар күшін салды. Білімді ұстаздар жиналып, мұғалімдер ұжымы жаңа белестерге көтерілді.

Осы күні де мектеп қаладағы, аймақтағы алдыңғы қатарлы білім ұясы болып отыр. Мектеп басшысы Искакова Орынбасар Сейітқызы тәжірбиелі жетекші ретінде өз ұжымын алға қарай өрлетті. Қол жеткізген табыстары да баршылық. Шәкірттері үнемі алдыңғы саптан көрініп жүр. Мұғалімдер ұжымы ауызбірлікпен өз міндеттерін жақсы атқаруда.

Тағы да Ұлттық кітап күніне оралсақ, Үкіметтің «Ұлттық кітап күнін» белгілеу туралы қаулысы 2024 жылғы 16 шілдеде күшіне енген. Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев кітап оқудың интеллектуалды ұлт қалыптастырудағы рөліне ерекше тоқталып келеді. Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында сөйлеген сөзінде ол:  «Тек кітап оқитын ұлт қана зияткерлік деңгейі жоғары қоғамға айналады. Жас ұрпақтың кітапқа деген қызығушылығын арттыруымыз қажет. Әлеуметтік желілер заманында бұл оңай емес екенін білемін. Бірақ бұл мәселені шетке ысыруға болмайды. Бұдан басқа жол жоқ», – деп мәлімдеген.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы шетелдік әдебиеттің нарықтағы үлесінің артып бара жатқанына алаңдаушылық білдіріп, отандық көркем әдебиетті қолдаудың маңыздылығын атап өтті. «Ұлттық болмысымызды танытатын, елдік мүддеге сай келетін кітаптарды көбірек шығаруға тиіспіз. Бүгінгі күні еліміздегі мектеп кітапханаларында 130 миллионнан астам кітап бар. Алайда көркем әдебиет үлесі өте аз», – деді Президент.

Осыған байланысты Президент "Балалар кітапханасы" бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырды. Бұл бастама аясында қазақ балалар әдебиетінің жанрлық және тарихи тұрғыдан әртүрлі туындылары қамтылған арнайы тізім жасалып, олар балаларға қолжетімді болады. Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев болашақта Қазақстанда тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи Президенттік кітапхана салу идеясын ұсынды. Мұндай кітапхананың үлгісін ол Түркияның Анкара қаласында көргенін және елімізде де жүзеге асыруға болатынын атап өтті. 2024 жылдың наурыз айында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Президент Алматы мен Астанада жаңа заманауи кітапханалар бой көтеретінін айтты. Ол өңірлердің әкімдеріне де Алматыдағы жаңғыртылған кітапханалар тәжірибесін негізге алуды ұсынды. «Кітапқа деген махаббат – ұлттың интеллектуалды деңгейінің көрсеткіші. Көптеген елдерде кітапқа арналған ұлттық күн бар. Бізде де бұл күнге орай түрлі әдеби фестивальдер мен көрмелер өткізуге болады. Ұлттың өркениеттік жолы – кітап арқылы қалыптасады», – деді Мемлекет басшысы.

Қоғамдық кітапханалар – мәдени орталыққа айналуда. Қазақстан Республикасы Ұлттық статистика бюросының 2025 жылғы 1 қаңтардағы дерегіне сәйкес, елімізде 3920 көпшілік кітапхана жұмыс істейді. Олар 2024 жылы ең көп келуші тартқан мәдениет нысандарының қатарында болды. Жыл ішінде бұл кітапханаларға 55,4 миллион адам барған. Бұл көрсеткіш кинотеатрларға барушылар санынан екі жарым есе көп (23,3 млн). Алматы қаласы – ең көп оқырман тіркелген өңір. Мұндағы кітапханаларда 5,5 миллионнан астам келуші болған. Сонымен қатар, Солтүстік Қазақстан (4,5 млн), Түркістан (4 млн) және Ақмола (3,7 млн) облыстары да үздік үштікке кірді. Цифрлық технологиялар мен әлеуметтік желілердің кең таралғанына қарамастан, Қазақстанда кітапқа деген қызығушылық төмендеген жоқ. Қазіргі таңда кітапханалар тек оқу орны емес, шығармашылық пен білім алмасудың орталығына айналып отыр. 

№5 С.Сейфуллин атындағы КМЛ білім ұясында бүгінде 561 оқушы сапалы білім алуда. Шәкірттеріне 44 мұғалім сапалы білім мен саналы тәрбие беріп келеді. 30 сынып кешені білім берудің сара жолына түскен. Білікті мұғадімдердің арқасында мектеп ұжымы жыл өткен сайын мол табыстарға ерісіп келуде.

Мектеп кітапханасы қаламыздағы алдыңғы қатарлы кітапхана деп айта аламыз. Өйткені мұнда кітапхана меңгерушісі болып ұзақ жылдардан бері Мүсірова Орынбасар Теміркеқызы еңбек етіп келеді. Уақытының көп бөлігі осы мектепте, кітапханада өтеді. Өмірінің мәні де осы кітапхана деп түсінеді. 45 жылдық еңбек өтілі бар Орынбасар Теміркеқызы бар бақытын осы кітаптардың арасынан тауып отыр. Түрлі іс-шаралар өткізеді. Ұлы Жеңістің 80 жылдығы, 1 мамыр мерекесі, Отан қорғаушылар күні, Қазақстан Халқы Ассамблеясының 30 жылдығы, Ата Заңмыздың мерекесі сынды атаулды күндерге зор дайындықтармен келеді. Мектеп оқырмандары да осы білім ошағына жиі жиналып, кітап оқуды дәстүрге айналдырған. Кітапхана қорында 27190 кітап бар.

Ұлттық кітап күніне арналған оқырмандар басқосуы болды. Кітап күніне арналған жиынға арнайы қонақтар келді. Олар: ақын әрі журналист Полатбек Жанбаев, мектептің ардагер мұғалімі, ақын Әлима Кершимова және жас мұғалім әрі жазушы Нұрғайып Хавсеметұлы. Мектеп басшысы Орынбасар Искакова жиналған жұртшылықты бүгінгі Ұлттық кітап күнімен шын жүректен құттықтады. Мектеп кітапханасында болып отырған бүгінгі басқосудың мәні, кітап оқудың құндылықтарына тоқталды. Мектеп ұжымы әрқашан өзгелерге үлгі болуға дайын, сол үшін қол жеткізген табыстарымызды арттыра беруіміз керек. Бұл бағытта бірлесе атқарар жұмыстар да аз емес. Табысқа ерісу үшін іздене еңбек ете береміз. Мектеп кітапханасы соңғы жылдары жақсы жабдықталды. Қалалық Білім бөлімінің басшылығы жиһаздар алуға, кітап қорын арттыруға, жаңа техникалық құралдармен қамтуға ерекше көңіл бөлді. Ол үшін қалалық Білім бөлімінің басшысы Алтын Қабдрашитқызына айтар алғысымыз мол деп отыр.

Кітапханадағы басқосу күйші қыздардың өнерімен басталды. Осыдан соң кітапхана меңгерушісі О.Т.Мүсірова оқушыларға қонақтарды таныстырды. Ұлттық кітап күнінің тарихына тоқтала кетті. Кітапхана оқушылар үшін есігін үнемі ашып қояды. Мұндағы рухани қазыналар осы кітаптар. Кітап қоры артып келеді. Газет, журналдар да бар. Ғаламторға кіріп, электронды негіздегі кітаптарды да оқи алады. Оқушылар түрлі іс-шараларға дайындалғанда кітапханадан кең пайдаланады.

Журналист Полатбек Жанбаев өзінің шығармашылығы, кәсібіндегі жетістіктері туралы оқырмандарға айтып берді. Журналист болу үшін не істеу керектігін ескертті. Ақын, жазушы болудың жауапкершілігін де айта кетті. Кітап шығару деген бөлек әңгіме. Ол үшін шығармаларыңның қоры болу керек. Оқушылар оған түрлі сұрақтар берді. Кеудесіндегі марапаттардың тарихымен таныстырды. Ұлтты, ана тілін сүю үшін адамда елжандылық деген ұстаным мен намыс болу керек. Білім мен еңбекқорлық та кісіні армандарына жеткізеді. Кітап көрмесіндегі кітаптарымен таныстырды.

Мұнан соң ұстаз әрі ақын Әлима Құрмашқызы өзінің шығармашылығы жайлы қысқаша айтып өтті. Өзінің өлең кітабындағы жырларын таныстырды. Бұл кісі мекептің әнұранын жазған. Сәкен Сейфуллинге арнаған жыры бар. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен дәріс беретін Әлима Кершимова үнемі ізденістер үстінде жүреді.

Жас қаламгер әрі ұстаз Нұрғайып Хавсеметұлы да өз шығармашылығы туралы айтып өтті. Ол көбінесе прозалық шығармалар жазады. Жазған шығармалары түрлі деңгейдегі байқауларда жүлде алып жүр. Өткен жылы «Құны» деген шығармасы республикалық байқауда 500 мың теңгелік жүлдені жеңіп алды. Бұл өте үлкен жетістік. Жырлар да жазады. Жазып қойған кітаптары бар. Оны баспаға беру үшін қаражат керек. Сол үшін аздап кідіріп тұрған жайы бар. Нұрғайып жыр оқығанды жақсы көреді. Өз жазғандарын жатқа айтады. Осы кітапханадағы жазушы Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ» атты шығармасы туралы оқырмандарға шолу жасады. Осы кітапты оқуға кеңес берді.

Жас оқырмандар да өз жырлары мен ақындардың жырларын оқыды. Хавдель Дильназ өз өлеңін оқып берді. Амангелді Нұрдәулет де жыр оқуға құштар екенін байқатты. Мектеп басшысының орынбасары Ғабит Жалғасов басқосуға келген кісілерге мектеп әкімшілігі атынан алғысын білдірді.

 

 

Просмотров: 78 | Добавил: Admin | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
avatar