Главная » 2025 » Июнь » 13 » Махамбет оқулары (Полатбек ЖАНБАЕВ)
23:11
Махамбет оқулары (Полатбек ЖАНБАЕВ)

«Тіл – ұлттың рухани көсемі» атты қалалық байқау болып өтті. Достық және шығармашылық үйінде болған Махамбет оқулары 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне арналды. Тілі мен ұлттық намысы мықты қазақ жастары әрқашанда Отанды қорғауға да дайын. Адуын ақындарымыздың жырларын мақтан етеміз. Ұлт батыры әрі айтулы ақын Махамбет Өтемісұлы қазағымыздың мақтанышы. Ол туралы көп айтуға болады.

Қалалық Оқыту-әдістемелік орталығы ұйымдастырған қалалық байқау үлкен қызығушылық танытып, ол көрермендер тарапынан да зор қолдауға ие болды. Ақынның шығармашылығы мен өмір жолы туралы бейнекөрсетілім тамашаланды. «Жұмыр қылыш» күйі тыңдалды. Жас ақын Қайридин Қалижан арнау жырын оқыды.

Қалалық байқауға үш ұжымнан тіл жанашырлары келіп отыр. Іс-шараны жүргізуші Еламан Оспанов жарыс қатысушыларын ортаға шақырды. Олар: Тойлыбай Юсуф – Қырық құдық ауылының «Сұңқар» спорт-кешенінің өкілі. Мухамеджан Ақбота Амангелдіқызы – Қарабұлақ ауылының жалпы орта білім беретін мектебінің қазақ тілі пәнінің мұғалімі. Сондай-ақ, Саятов Әмір Елдосұлы – 3517 әскери бөлімнің сарбазы.

Әділ қазылар алқасы да жұртшылыққа таныстырылды. Қаламыздың ақыны, «Престиж» газетінің тілшісі Полатбек Тыллабайұлы Жанбаев, «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Қоржынбаева Анара Құрманғалиқызы және «Бөгенбай батыр атындағы спорт мектеп-интернаты» директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Сунгубаева Нұрзат Темірханқызы.

Махамбет оқуларының сайысы екі кезеңнен тұрады. Алдымен сайыс қатысушысы өзін таныстырады. «Мен, мен едім, мен едім!» деген атпен ортаға шығады. Қосымша көріністер көрсетуге болады. Екінші кезең «Атадан туған ардақты ер» деп аталады. Мұнда қатысушылар еркін таңдауындағы Махамбеттің екі өлеңін мәнерлеп, ережеге сай оқып шығуы керек.

Бірінші кезең басталып, ортаға Тойлыбай Юсуф шықты. Махамбеттің батырлық киімін киген ол бар өнерін ортаға салды. Сөз бен ырғаққа беріліп, тегін таныстырды. Ақбота Амангелдіқызы тақпақтап өзін таныстырды. Әскери бөлімнен келген сарбаз Әмір Елдосұлы басқалардан бөлекше көріністерімен көзге түсті. Тақпақтап тұрып тегін таныстырды. Әскери қызметін мақтан етті.

Екінші кезеңде жарыс қатысушылары барын тағы ортаға салды. Тойлыбай Юсуф «Ерлердің ісі бітер ме» деген Махамбет жырын насихаттады. Домбырасын әнге қосты. Ақбота Амангелдіқызы жанына екі жыршы баланы алып жыр оқыды. Әмір Елдосұлы бір топ сарбаздармен бірге жаттығулар көрсетті. Ел туын жоғары көтерді. Ақын жырларын насихаттап оқыды.

Қазылар баға қойғанша ән мен жырға кезек берілді. Жүсіп Аяулым, Даяна Сердалина және Бағжан Үсенбаева өз өнерларін көрсетті. Нәтиже бойынша үшінші орын Ақбота Амангелдіқызына бұйырды. Екінші орыннан Тойлыбай Юсуф көрінді. Жүлделі бірінші орынды әскери сарбаз Әмір Елдосұлы еншіледі. Оларға дипломдар мен бағалы сыйлықтар берілді. Ұстаздары мен өнерпаз жастарға да алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.

Полатбек ЖАНБАЕВ

Просмотров: 78 | Добавил: Admin | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
avatar