Межэтникалық келісім – кез келген мемлекеттің бейбітшілігі мен тұрақтылығының басты шарты. Қазақстан – көпұлтты ел. Мұнда жүзден астам ұлт пен ұлыс өкілдері өмір сүреді. Олардың барлығы ортақ Отанымыздың бірлігі мен тыныштығын сақтау жолында өз үлестерін қосып келеді.
Тарихқа көз жүгіртсек, бабаларымыз әрқашан бейбіт өмірді жоғары бағалап, татулықты басты құндылық санап келген. Бүгінгі ұрпақ та осы дәстүрді жалғастырып, әртүрлі этностардың тілін, дінін, салт-дәстүрін құрметтеуді парыз деп біледі. Мемлекетіміз әр ұлттың мәдениетін дамытуға жағдай жасап, ұлттық мерекелер мен дәстүрлерді насихаттауға қолдау көрсетіп отыр.
Межұлттық келісім – тек қағаз жүзіндегі ұғым емес. Бұл – күнделікті өмірдегі өзара түсіністік, сыйластық және қолдау. Қай ұлттың өкілі болса да, әр азамат өзін тең сезініп, елдің дамуына үлес қоса алса – бұл шынайы келісімнің көрінісі.
Қазіргі жаһандану дәуірінде ішкі бірлікті сақтау – аса маңызды міндет. Әлемде түрлі қақтығыстар орын алып жатқан кезде, біздің еліміздің тыныштығы мен тұрақтылығы – баға жетпес байлық. Сондықтан әрқайсымыз бірлікті сақтауға, өзара құрмет пен татулықты нығайтуға атсалысуымыз керек.
"Бірлік бар жерде – тірлік бар" дейді халық даналығы. Ендеше, ұлтаралық татулық пен достықты сақтау – тек мемлекет пен биліктің ғана емес, әр азаматтың борышы. Бірлігіміз бекем, татулығымыз тұрақты болса, Қазақстанның болашағы жарқын болмақ.
М. Амангелдинова, А. Мырзахметов атындағы университеттің 2 курс студенті |