Главная » 2022 » Февраль » 26 » Көп тіл білгеннің көкжиегі кеңиді (Полатбек ЖАНБАЕВ)
10:07
Көп тіл білгеннің көкжиегі кеңиді (Полатбек ЖАНБАЕВ)

Біздің елімізде сан алуан ұлттардың тілін қолдауға мол мүмкіндіктер жаратылған. Соның ішінде мемлекеттік тіл болған қазақ тіліне басымдық берілген.

Қазақстан Республикасындағы тiл туралы 1997 ж. 11 шiлдедегі № 151-I Қазақстан Республикасының Заңы қолданысқа ие.

4-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi:
Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi - қазақ тiлi.
Мемлекеттiк тiл - мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi.
Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттiк тiлдi меңгеру - Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы.
Үкiмет, өзге де мемлекеттiк, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар: Қазақстан Республикасында мемлекеттiк тiлдi барынша дамытуға, оның халықаралық беделiн нығайтуға;
Қазақстан Республикасының барша азаматтарының мемлекеттiк тiлдi еркiн және тегiн меңгеруiне қажеттi барлық ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық жағдайларды жасауға;
қазақ диаспорасына ана тiлiн сақтауы және дамытуы үшiн көмек көрсетуге мiндеттi.

25-3-бап. Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi атқарушы органының құзыретi:
Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi атқарушы органы: 1) ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) аумағында тiлдердi қолдану және дамытудың өңiрлiк бағдарламасын iске асыру жөнiндегi iс-шаралар жоспарын әзірлейді және оның жүзеге асырылуын қамтамасыз етедi;
2) мемлекеттiк тiлдi және басқа тiлдердi дамытуға бағытталған аудандық (облыстық маңызы бар қала) деңгейдегi iс-шараларды жүргiзедi;
3) облыстардың атқарушы органдарына ауылдардың (селолардың), кенттердiң, ауылдық (селолық) округтердiң атауы және олардың атауларын өзгерту, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын өзгерту туралы ұсыныстар енгiзедi.

Осы тұрғыда Степногорск қаласында тілдер мәселесімен айналысатын, тілдерді дамытуға мұрындық болатын, яғни «Степногорск қаласы мәдениет және тілдерді дамыту, спорт және дене шынықтыру бөлімі» жанындағы  «Степногорск қалалық оқыту-әдістемелік орталығы» коммуналдық  мемлекеттік мекемесі жұмыс жасайды. Бүгін біз осы мекеме директорының міндетін атқарушы Адимау Майданқызы Қабылбековамен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынбақшымыз.

 

-Сәлеметсіз бе! Оқыту-әдестемелік орталығы қай жылы ашылды және кім ашты? Орталық жайында жалпы не айтасыз?

-«Степногорск  қаласының  мемлекеттік  тілді  оқыту  орталығы» МКҚК   қала  әкімінің  2007 жылғы  20 наурыздағы № 22\101 қаулысымен  құрылып, 2007 жылдың  мамырынан  өз жұмысын  бастады. 2007  жылдың  25 мамырында  Степногорск қаласының Әділет  басқармасында №276- 1902-16 МК  тіркеуден  өтті. 05.03 2014 жылғы  қала  әкімінің №  а – 3/101 қаулысымен «Степногорск қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «Степногорск қалалық оқыту-әдістемелік орталығы»  КММ болып өзгертілді. Орталықты Сейітназаров Молдабек Бердіқабылұлы ұйытқы болып ашқан еді. Ол кісі 2007 жылдан 2016 жылға дейін орталықтың директоы болып қызмет атқарды.  Орталықтың дамуына өз үлесін көп қосқан . Кейін зейнеткерлікке шығып, орнына  Хайрым Кабар орталық директоры болып тағайындалды . Бұл кісі орталықта 2016 жылдан 2021 жылға дейін қызмет жасады. Кейін қалалық мәслихатының хатшысы болып сайланды. 2021 жылдың бірінші жартысында директордың міндетін атқарушы Маденова Әйгерім Нұрланқызы болса, екінші жарты жылдан бері  директордың міндетін атқарушы болып өзім жұмыс жасап келемін.

-«ҚАЗТЕСТ» жүйесі бойынша не айтасыз? Қай жылдан бері осы жүйе  іске асырылып келеді?

-«ҚАЗТЕСТ» бағдарламасы 2007 жылдан бастап іске асырылып келеді. Мемлекеттік тілде оқитындар үш жыл оқыса, ағылшын тілінде бір жыл оқып, жылдың соңында «Қазтест» бағдарламасы бойынша  тест сынатарын тапсырып, сертификатқа ие болады.

-Штат бойынша орталықта неше адам жұмыс жасайды?

-Оқыту-әдістемелік орталығында штат бойынша 9 қызметкер жұмыс жасайды, орталық директорының  м.а. , әдіскер, бас есепші және 6 мұғалім. Бес мұғалім мемлекеттік тілде оқытса, бір мұғалім ағылшын тілінде оқытады. Орталық оқытушылары барлығы жоғары білімді және бір оқытушы орта  білімді (сырттай жоғары оқу орнында білім алып жүр). 3 мұғалім жоғары санатты, 1 мұғалім екінші санатты, қалған жас мамандар әзірше санатсыз.

-Тыңдаушылардың тілді үйренуге қызығушылығын арттыру мақсатында қандай іс-шаралар өткізіледі?

-Тыңдаушылардың тілді үйренуге қызығушылығын арттыру мақсатында әр түрлі іс-шаралар тұрақты түрде өткізіледі. Сонымен қатар, орталық оқытушыларының біліктілігін арттыруға бағытталған жұмыстар жүргізіледі. Тыңдаушылардың кәсіби бағыттары бойынша салалық оқыту енгізілді. 2019 жылы «Жаңа емле: құрылымы мен мазмұны» тақырыбындағы 12 сағаттық республикалық семинарға 5 оқытушы қатысып, сертификаттар алып қайтты.

-Орталықтың материалдық базасы жайында не айтасыз? Толығымен қамтамасыз етілген бе?

-Материалдық техникалық базаны нығайту мақсатында өткен жылы 6 жүйелік блок алынды. Бүгінгі таңда Орталық қажетті материалдық-техникалық, оқу-әдістемелік базамен жабдықталған. Тыңдаушыларға оқулықтар, сөздіктер, іс-жүргізу, аударма негізі бойынша оқу құралдарымен толық қамтамасыз етілген. Оқыту орталығымызда әр салада қызмет атқаратын тыңдаушылардың мемлекеттік тілді нәтижелі меңгеруіне қажетті жағдайлар жасалған.

-Тыңдаушылар үшін сабақтар қайда өткізіледі? Арнайы жабдықталған кабинеттері бар ма?

-Иә, әрине сабақтар арнайы жабдықталған қазақ тілі кабинеттерінде өткізіледі. Бір кабинет орталықтың өзінде орналасса, екінші кабинет қалалық әкімдікте орналасқан. Кабинеттер мультимедиялық жабдықтармен қамтамасыз етілген 2 компьютер кешені, 2 интерактивтік тақта, 2 проектор, 2 принтері бар. Сонымен қатар, директор кабинеті 1компьютерлік кешен,  принтер, теледидармен бас есепші кабинеті 1 компьютерлік кешен, үште  бір принтері,1 сканермен қамтамасыз етілген.

-Жалпы орталық ашылғаннан бері қанша тыңдаушы білім алып шықты?

-Орталық ашылғаннан бері 2327 тыңдаушы мемлекеттік және ағылшын тілі курстарын оқыды, оның ішінде 1153 тыңдаушы сертификат алған. Соңғы екі-үш жылға тоқталатын болсақ:

2018-2019 оқу жылында -315 тыңдаушы оқып, 63 тыңдаушы сертификат алды. 2019-2020 оқу жылында -323тыңдаушы оқып, 118 тыңдаушы сертификат алды. 2020 -2021  оқу жылында  30 топта, 240 тыңдаушы тіл үйренді. Мемлекеттік тіл үйренушілер 200, ағылшын тілін үйренуші 40 тыңдаушы. Ағымдағы 2021-2022 оқу жылында 246 тыңдаушы тіл үйренуде. Оның ішінде мемлекеттік тіл үйренушілер -213, ағылшын тіл үйренушілер-33болып отыр.

Сол тыңдаушылардың ішінде 120 мемлекеттік қызметші мен 126 азаматтық қызметшілер білімдерін жетілдіруде.

-Қаламыздың түрлі мекемелерінен тіл үйреніп жүрген тыңдаушылар арасынан мемлекеттік тілді жақсы меңгерген өзге ұлт өкілдері бар ма?

-Қаламыздың түрлі мекемелерінен тіл үйреніп жүрген тыңдаушылар арасынан мемлекеттік тілді жақсы меңгерген өзге ұлт өкілдері бар, бұлар: Оксенгерт Игорь Викторович, Сенина Наталья Сергеевна, Садвакасова Рита Маратовна, Дураченко Николай Николаевич, Ибрагимов Равиль Дауренбекович, Хабдулина Ксения Салмурзаевна және Кушкунбаева Рауза Хасановна. Осы белсенді тыңдаушылар қалалық, облыстық және республикалық көлеміндегі, тілге қатысты іс-шараларға белсене қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр.

Қазақ тілінің латын графикасындағы нұсқасын да үйреніп алуымыз керек. Болашақта бәріміз осы әліппемен жұмыс жасайтын боламыз.

-Ал, оқытушылар жайында не айтасыз? Орталықтың қандай жетістіктері бар?

-Жоспар бойынша өзге ұлт өкілдері арасында мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейту, мемлекеттік тілдің мәртебесін жоғарылату мақсатында орталық қызметкерлері қалалық деңгейдегі түрлі іс-шаралар ұйымдастырады. Өздері де қалалық, облыстық деңгейдегі сайыстар мен байқауларға қатысып, алғыс хат пен мадақтамаларға ие болған.

-Қаламыздағы қандай мекемелердің мамандары сіздерден білім алып жатыр?

-Бүгінгі таңда қаламыздағы 20-дан астам мекеме қызметкерлері мемлекеттік және ағылшын тілі курстарында оқып жүр. Бұлар: «ЕЦ 166/18» РММ, Ішкі Істер Басқармасы, №3 Мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі, «Ұлттық мәдени орталығы», «Жеке тұлғалар», «Мамандандырылған балалар және жасөспірімдер» спорт мектебі, «Жастар» ЖҮ, «Халық банк», МКҚБ 2 ПБ, «Биомед», «Балалар көркем мектебі», «Балалар шығармашылық үйі», «Қалалық прокуратура», «Әкімдік аппараты», «Білім бөлімі», «Қорғаныс істері жөніндегі бөлім», «Достық және шығармашылық үйі», «Қалалық су арнасы», «Орталық қалалық кітапхана», «Евразия банк» және т.б. айтуға болады.

-Оқытудан басқа орталық қызметкерлері қандай жұмыс атқарады?

-Өлкедегі көркем жарнамалар мен маңдайша жазуларының дұрыстығына қадағалау жасайды. Тек қана 2021 жыл басынан бері call centr бойынша 13 қоңырау қабылданып, 2 мақала басылымдарда жарық көрді, көрнекі ақпараттар саны 25, жарнама жобаларына түзету жасалып, заңнама талаптарына сәйкестендірілді. Қала және өлкедегі сыртқы көркем жарнамалар бойынша тұрақты рейдтер жүргізіліп отырады. Жалпы алатын болсақ, осы уақытқа шейін 400-ден  астам жарнамалар мен маңдайша жазулар тексерілді. Сыртқы көркем жарнамалардың сауатты жазылуын тексеру жұмыстары жыл бойы атқарылуда. Оқытушылар шағын және орта бизнес өкілдерімен жеке жұмыс жүргізіп, оларға өздерінің салаларына қатысты сөздіктер, түсініктемелер, кітапшалар мен буклеттер таратады. Сонымен қатар, орталықта «Кел, қазақша сөйлейік!» атты клуб өз жұмысын жасап келеді.

-Сұхбаттың соңында мынандай сұрағым бар, қалай ойлайсыз мемлекеттік тілді қалай дамытуға болады, степногорлықтарға не айтар едіңіз?

-Қазақстанда  тұратын жүзден аса ұлт өкілдері бар, оның ішінде, өзіміздің де отбасымызда ұл-қыздарымызға, жастарға қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, тарихын, әдет-ғұрпын, мәдениетін, тілін-мемлекеттік тілін білуі міндетті екендігін естеріне салып, білмегендерге түсіндіріп, үнемі бас қосқан көпшілік жиындарда ортаға салып отыруымыз қажет деп ойлаймын. Сонда ғана мемлекеттік тіліміз, қазақ тіліміздің деңгейі жоғарғы сатылардан көрінеді. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, мемлекеттік тілді дамыту үшін, бұл істе ала болмай, түгел болып кіріссек, көздеген мақсатқа тездетіп жетуге болатынына сенімдімін.

-Маңызды сұхбатыңыз үшін үлкен рақмет. Тіліміз өркендеп, дами берсін.

Просмотров: 350 | Добавил: Admin | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
avatar