1мамыр мерекесі Степногорск қаласында кең көлемде тойланды. Осы Қазақстан халқының бірлігі күні – Қазақстанда жыл сайын тойланатын мереке. Мереке 1996 жылдан бастап атап өтіледі. 1995 жылдың 18 қазанында Қазақстан президенті жарлығы бойынша 1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні деп жарияланды. «Бірлік болмай тірлік болмас» деген атам қазақ. Берекені көздеген ел мерекелі тірлік жасаудан жалықпаған. Сондықтан да Қазақстан халқы 1 мамыр ынтымақ пен бірлік күнін тойлайды. «Береке бастауы бірлік, ел іші тату тірлік» қағидасын ұстанған ел үшін бұл мерекенің орны ерекше.
Тутұғыр маңынан жаяу жүгірушілер жарысы басталып, мәре Қажымұқан алаңында болды. Білім ұяларынан келген спортшылар мен қала тұрғындары марафонға атсалысты.
Спорт сарайының маңы мерекеге бөленді. Сахна құрылып, әлем-жәлем шаттық басталып жүре берді. Түрлі ұлт өкілдері өз ұлттық киімдерін киіп шығып, сахна мен алаңның сәнін келдірді.
Әдетте «Ырыс қайда барасың? Ынтымаққа барамын!» дейді халықтың әпсанасы. «Бірлік болмай, тірлік болмас» деген де қазақтың дана сөзі бар. Шындығында, Тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі экономикалық-әлеуметтік салаларындағы тұтас жетістіктері тек бірліктің, сол бірлік арқылы келетін тұрақтылықтың арқасында ғана орын алды.
Жалпы, 1 мамыр қандай мереке? Кешегі Кеңес Одағындағы шараны тәуелсіз елде жаңаша жаңғыртудың мәнісі қайсы? Осы сауалға жауап бермес үшін әлемдік ахуалға тоқтаған орынды тәрізді. Бүгінгі таңда әлемдегі құбылыстарды зерделей қарасақ, бейбіт өмір мен тұрақтылықтың, тыныштықтың қадірін арттыра түсетін жағдаяттар аз емес. Жаһандық аумалы‑төкпелі жағдайды бастан кешкен, мемлекеттік жүйенің тепе-теңдігі бұзылған, берекесі төгіліп, бірлігі сөгілген елдердің саны артып келе жатқанын да байқауға болады. Әсіресе, жылдар бойына жалғасып келе жатқан дінаралық, ұлтаралық қақтығыстар бойынша әлемдік дипломатияның небір озық үлгілері де отты нүктелердің шоғын сөндіре алмай отырғанына әлем жұртшылығы куә. Сондықтан да, бірлігі, ынтымақтастығы жарасқан елде тұрақтылық сақталып, болашақ дамуы да баянды болмақ.
Қазақстандық ұлтаралық татулық үлгісі де осыған негізделген. Ендеше, Кеңес Одағынан қалып, қызыл империямен бірге құрдымға кетпеген, керісінше жаңа мемлекетте жаңаша түлеп, ұлттар арасындағы ыстық ықыластықты дәріптеуге бет алған Мамыр мерекесін жаңғыртудың түпкі мәнісі осы – бірліктің, ынтымақ пен берекенің игілігіне шақыру деп білген ләзім.
Степногорск қаласындағы ел бірлігі күні тойланып жатты. Сауда қызып, жәрмеңке кең етек жайды.
Қалалықтар мен қала қонақтарын Степногорск қаласының әкімі Гайдар Қасенов құттықтады.
-Құрметті жерлестер! Қадірлі қала тұрғындары! Сіздерді 1мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – бейбітшілік пен татулықты ту еткен, сан ұлттың достығын дәріптейтін, ел бірлігінің символына айналған ерекше мейрам. Биыл бұл мереке Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойымен қатар келіп отыр. Осы уақыт ішінде Ассамблея ұлтаралық келісім мен қоғамдық тұрақтылықтың сенімді тірегіне айналды. Ақмола облысында қырықтан астам ұлт өкілдері жемісті еңбек етіп келеді. Қаламыздың жетістіктері ондағы адамдардың күшімен бағаланады. Татулық пен ашықтық, қоғамдық келісім мен құрмет арта түсуде. Сол үшін де қаламыз өркен жайып, аймақтың индустиялық дамуы даму үстінде.
Қымбатты ағайын! Бүгінгі мереке ортақ Онатымызға деген сүйіспеншілік пен құрметтің белгісі. Біз татулық пен келісімді сақтай отырып, болашаққа нық қадам басамыз. Степногорск қаласы әрдайым бірліктің, еңбекқорлық пен достықтың мекені болып қала береді. Баршаңызға амандық, отбасыңызға құт пен береке, бірлік пен нұрлы өмір тілеймін! Бірлігіміз бекем, тәуелсіздігіміз мәңгі болсын!-деді қала әкімі.
Мұнан соң бір топ еңбек озаттары мен қоғамдық ұйым өкілдері қала әкімінің алғыс хаттары мен мерекелі сыйлықтарға ие болды. Марапатталғандар арасында этномәдени бірлестік өкілдері де бар еді. Олар: «Хазар» әзербайжан бірлестігінің басшысы Каримов Рустам Сабырұлы, «Русская община» славян бірлестігінің төрайымы Лысцова Надежда Дмитриевна, «Полония» польяк бірлестігінің төрағасы Никировский Иосиф Михайлович, «Юлдаш» татар, башқұрт ұлттық бірлестігінің төрайымы Дзюба Гульсара Манзурқызы, «Әмір Темір» өзбек ұлттық орталығының төрағасы Расулов Далишер Мухаммеджонович, «Манас» қырғыз ұлттық орталығының төрайымы Кидирбаева Венера және «Беркат» шешен-ингуш ұлттық орталығының төрағасы Гиреев Тухан Макшарейпович. Одан өзге «Астана-Нан» ЖШС директоры Уәли Талғат Қайратұлы, кәсіпкерлер палатасының жетекшісі Баймақов Олжас, «Сибирь» сауда орталығының басшысы Елена Бережная, тағы басқалар болды.
Осыдан соң концерттік бағдарлама өз жлағасын тапты. Түрлі ұлт әндері шырқалып, билері биленді. Білім ұялары мен өнер ошақтарынан келген өнерпаздар ән салды. Балалар биінде шектеу болған жоқ.
Қолөнер көрмелері, тұтыну сауда жәрмеңкелері ұйымдастырылды.
Степногорск қаласына қарасты елді мекендерде де мереке кең көлемде тойланды. |