Көңілі кең даладай, көкірегі шежіреге толы ел ағалары болады. Сондай сыйлы жандардың бірі – Степногорск қаласының тұрғыны Ахмедов Тұрақмақсұм Кенжебекұлы деп айта аламыз. Ел ағасы жасына келіп жеткен Төкең өмірінің көбін ұстаздық кәсіпке арнаған кісі. Сонау Тауелібай жұртынан Сарыарқаның нақ төріндегі жас шаһар Степногорға келгелі ағамыз өзін жаңа қырынан көрсетті. Алдында өнеге тұтар ағаларынан өрнек алып, өзі де кейінгі буын жастарға ақыл айтатын шаққа келді.
Тауелібай өңірі Сыр мен Әмудің аралығын алып жатқан қазақтың кең даласы. Әйтеке би бабамыз жатқан Нұрата, кенге бай Науайы өңірі соған кіреді. Жалаңтөс бабамыз билік құрған өңірді ешкім де қазаққа жат деп айта алмайды. Кенимех пен Тамды, Зарафшан мен Үшқұдық қойнауы алтынға толы аймақ, шаруасы жайлы малды дала.
Тұрақмақсұм Кенжебекұлы осы өңірдің төл баласы. Оның атажұртқа еш жаттығы жоқ. Кезінде Тауелібай Өзбекстан Республикасының аумағында қалып кетті. Енді өткен тарихқа ешкім де тас ата алмайды.
Ол бала жастан ұстаздарына еліктеп өсті. Есейгенде мұғалім болсам деген арманы болған. Өсе келе осы мақсат жолында талпыныстармен алға ұмтылды. Әкесі соғыс ардагері болатын. Капитан шеніндегі әкенің қарапайым жұрттан ерекшелігі – оның ержүректігі, өжеттігі болса керек. Осындай әкеден өнеге алған Тұрақмақсұм да жаман бала болып өскен жоқ.
Кйіпкеріміз Ахмедов Тұрақмақсұм Кенжебекұлы 1960 жылдың 26-тамызында Кенимех ауданының орталығында дүниеге келді. Соғыс зардабын жеңіп, елге қызмет етуде де талмай тер төгіп жүрген әкесінен өнеге алды. Кеудесі марапаттарға толы Кенжекең Кенимех ауданының мен деген шаруагері болды. Жұмысшылар комитетінің төрағасы, партия ұйымының хатшысы, аудандық қаржы бөлімі мен мемлекеттік сақтандыру мекемесінің басшысы болған. Мал фермасының меңгерушісі болып халқына сіңімді еңбек етті.
Шежірені айтар болсақ, атасы Ахмед ақсақал көп балалы отбасының тірегі болған еді. Бір үйдің балалары: Жұманазар, Есназар, Қосназар, Өтеназар, Қайыпназар, Ілияс, Әлімжан, Асылбек, Жұмабек, Кенжебек, Артанбек, Мәнібек, Жәнібек, Шырынгүл, Назымгүл, Ханымгүл және Жанымгүлдер қатар өскен бауырлар. Ахмед атаның үш кемпірі болған. Олар: Паңкүл, Зиба және Күміс аналарымыз. Іргесі кең әулет мәуелі бәйтеректей көркейіп өсті.
Тұрақмақсұм ағаның анасы – Асаналиева Масаты Үсенбайқызы бала тәрбиесімен айналысқан үй бикесі-тұғын. Отбасында екі қыз бен үш ұл тәрбиеленді. Төкеңнен өзге Қалдыгүл, Құрақбай, Қайрат және Роза атты бауырлары қатар өсті. Қалдыгүл апай тағдырдың жазуымен жалғаннан ерте кетті.
Тұрақмақсұм Кенжебекұлы Кенимех ауданының орталығындағы №6 Карл Маркс атындағы қазақ орта мектебінде білім алып, осы білім ұясын 1977 жылы ойдағыдай бітірді. Орта білім алған ол өз арманына жету үшін Алматы қаласындағы қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтына өз құжаттарын тапсырып, емтихан сынақтарына дайындалды. Кеңес үкіметінің осынау жылдарында Алматыдағы институттарға оқуға түсу өте қиын болатын. Соған қарамастан Тұрақмақсұм ағамыз үлкен тәуекелге бел байлап, өзінің абитуриенттік кезеңін ойын қумастан, дәріске дайындалумен өткізді. Александр Пушкин атындағы орталық кітапханадан шықпай, емитхандарға дайындалды. Еңбегі далаға кетпей, жолы болды. «Талаптыға нұр жауар» дегендей, балаң жігіт Тұрақмақсұм студенттер қатарынан орын алды. Қуанышы қойнына сыймай қуанғаны әлі есінде. Үлкен арман жолындағы жастық шағы білім іздеумен өтті.
Туған жерге қолына мұғалім деген дипломмен оралған Тұрақмақсұм ағамыз баяғы өзі оқыған Карл Маркс атындағы орта мектепке мұғалім болып орналасты. Қоғамтану және тарих пәндерінен дәріс өтті. Бұрынғы ұстаздары оны жас мұғалім ретінде қабылдады. Осында тәжірибе арттырған жас ұстаз екі жылдан соң саяси қоғамдық жұмысқа шақырылды. «Балақарақ» ауылындағы «Октябрьдің 40 жылдығы» атындағы совхозда комсомол комитетінің хатшысы болып сайланды. Жастар ұйымында жалынды жұмыс жасап, игі істердің бастамашысы болды. Жастармен бірге көптеген игі істердің жүзеге асуына мұрындық болды. Осындай ынталылығының арқасында Тұрақмақсұм ағамыз 1985 жылы Кенимех аудандық комсомол комитетіне жоғарылады. Жастар құқығы жөніндегі басшысы болып жауапты қызмет атқарды. Құрамында 725 комсомал мүшесі бар комитетте осындай жауапты мамандық қызмет атқаратын болған. Сол кезде Кенимех ауданында 818 комсомол мүшесі болған. Сонымен бірге Тұрақмақсұм ағамыз Навоий облыстық комсомол комитетінің пленум және бюро мүшесі болған. Жастар ұйымындағы аса жауапты жұмыстарды ағамыз үлкен ыждағаттылықпен атқара білді.
1988 жылдың тамыз айында Т.К.Ахмедов Нұрбұлақ ауылындағы Елібай Күзембаев атындағы мектепке жұмысқа жолдамамен жіберілді. Елібай Күзембаев соғыс жылдарында Кенимех аудадындағы бірінші хатшы болған басшы еді. Ол кезде бұл орта мектеп Чапаев атындағы білім ұясы болған. Осы білім ұясында ағамыз жақсы қызмет атқарды. Ұйымдастырушылық, іскерлік қабілетінің арқасында үлкен беделге ие болды. Сосын аудандық білім бөлімі ағамыздың қызметін тағы да жоғарылатты. Кенимех аудандық білім бөлімінің әдіскерлік кабинетін басқарды. Енді бұл жұмыс аса бір жауапты әрі мансапты орын болатын. Қарамағында бірқанша адамдар жұмыс жасайды. Ауданның білім ұяларындағы білім беру сапасына осы кісі жауапты болды. Аз уақыттан соң ағамыз аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары болып қызмет атқарды. Ол кезде Кенимех ауданында 41 мектеп бар еді. Соның 34-і қазақ тіліндегі білім ұясы болса, 2 қарақалпақ, 3 өзбек, 1 орыс тілінде және 1 аралас тілде оқытатын мектептер болған. Ағамыз 2003 жылы Мөйдін Әлқожаев атындағы №1орта мектепке директор болып жұмыс жасады. Бұдан соң облыстық білім басқармасында жауапты қызметін жалғастырды. Инспектор ретінде Навоий облысындағы білім ұяларының жұмыс сапасын тексерді.
Тұрақмақсұм ағамыз 2005 жылы Атажүртқа қоныс аударды. Ақмола облысының Степногорск қаласына отбасымен көшіп келді. Кезінде ағамыз геологиялық барлау техникумында да оқыған болатын. Енді осы дипломның пайдаға асатын кезі келген сияқты. «Қазақалтын» ТМК АҚ компаниясында геолог болып қызмет атқарды. 2023 жылы зейнет демалысына шыққанша таукен саласында шебер, учаске бастығы болып қызметтер атқарды. Ағаның өмірлік жолдасы Пардабаева Патима Досмаханқызы да мұғалім, Ол кісі Ташкент қаласындағы Низами атындағы мемлекеттік педагогикалық институтында филолог мамандығы бойынша оқыған. Мектептерде қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен шәкірттеріне ұзақ жылдар бойы білім беріп келді. Отбасында 3 ұл мен 1 қыз бар. Үлкен ұлы Медет Кенжебеков 1980 жылы туған. Жоғары білімді таукен инженері. Астанада компанияда атқарушы директор. Келіншегі Қаржауова Эланура Қалмырзақызы да таукен инженері. Елордадағы техникалық-бизнес университетінде аға оқытушы болып жұмыс істейді. Екінші ұлы Ахмедов Ерлан 1983 жылы туған. Ол да таукен инженері. Компанияда каръер бастығы болып жұмыс жасайды. Үшінші ұлы Ахмедов Төлепберген 1984 жылы туған. Алматы қаласында тұрады. Мектепте дене тәрбиесінен шәкірттеріне сабақ береді. Келіншегі Айнабекова Айгерім Мұстафақызы өз кәсібінің иесі. Отбасындағы жалғыз қыз Ахмедова Ғазиза 1987 жылы туған. Алматы қаласында бизнеспен шұғылданады. Ауыл шаруашылығы институтының есеп-кредит саласын меңгерген. Күйеу бала Жандос Үсенұлы кәсіпкер.
Тұрақмақсұм ағамыз бен Патима апамыз ұрпақтарынан 13 немере сүйіп отыр. Ерланы қолында. Немерелері қуаныштары болып жүр. Үлкен немересі Тұрақмақсұм Ұзақбек Медетұлы Алматыдаға политехникалық университетінің айти технология факультетінде 2-курста оқиды. Аянат және Дидар немерелері ата-әжесімен бірге тұрады. Мектептегі озат оқушылар.
Ел ағасы Тұрақмақсұм Ахмедов ақсақалдық жасқа келді. «Халыққа білім беру ісінің үздігі», «Еңбек ардагері» сынды басқа да бірқанша марапаттардың иесі. Қоғамдық жұмыстарға да атсалысады. Қалалық кітапханада өткен басқосуда ағамыз көпшілікке өз білген ақылын айтып, жастарға өнеге көрсетті. Қалалық кітапхана қорына кітаптар сыйлап, әдебиетке деген жанашырлығын танытқан болатын. Көпшілік жиындарда, мерекелерде ағамыз өз білгенін ортаға салып, жұртшылықпен жақсы қарым-қатынаста болады. «Көп жасағаннан емес – көпті көргеннен ақыл сұра» деп қазақ бекер айтпаған. Айтары көп Тұрақмақсұм Кенжебекұлы зейнет жасында бақытты ғұмыр кешуде. Аға буыннан өнеге алып, өз білгендерін жастарға айтудан жалыққан емес. Алдыңда ағаң барда алаңсызсың. Біз де осындай ағалардан өнеге алып келеміз. |