Главная » 2025 » Июнь » 13 » «Қаныш және ғылыми майдан» кітабы таныстырылды (Полатбек ЖАНБАЕВ)
23:17
«Қаныш және ғылыми майдан» кітабы таныстырылды (Полатбек ЖАНБАЕВ)

Қазақтың көрнекті ғалымы, ғылым академиясының тұңғыш президенті Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың еңбегін бағалау заман талабы. Осы тұрғыда елімізде атқарылып жатқан игі шаралар бірнешеу. Ғалымның мерейтойына байланысты еңбегін насихатату кең етек жайған болатын.

 

«Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қорының  ұйымдастыруымен  Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жылдығына орай Санжар Керімбай мен Әйбек Нәбидің ғалым Қаныш Сәтбаев жайында сыр шертетін «Қаныш және ғылыми майдан» атты кітабының таныстырылымы қаламызда болып өтті.

Кітап авторының бірі Санжар Керімбай Степногорск қаласына келіп, ең алдымен №9 орта мектепте білім ұясы мұғалімдер, оқушылармен ұшырасты. Мұнан алдын бұл жігіт қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің еңбегін насихаттап қаламызға келген болатын.

«Горняк» орталық мәдениет сарайының дәлізінде кітап көрмесі өтті. Онда «Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен  ғалым атаның еңбегін насихаттайтын кітаптар жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Өнерпаз қыздер би биледі.

Аталмыш кітап мазмұнына Қаныш Сәтбаевтың болмысы, өмір жолы, ғылым жолындағы жанқиярлық ерліктері қамтылған. Бұдан бөлек, Қ.Сәтбаевқа байланысты «Отбасы хрестоматиясы» қоры арқылы баспадан алты кітаптан тұратын «Бала Қаныштың оқыған кітаптары», Тәкен Ораздың «Қаныштың жастық шағы», Ебіней Бөкетовтің «Жас Қаныш», Медеу Сәрсекенің «Қуғындалған Сәтбаев» атты кітаптары қайтадан басылып жарық көріп отыр. 

Степногорск қаласының көрермендері сарайға көптеп жиналды. Жұртшылық алдында Тұсаукесер рәсімі болды. Тұсаукесер деген аты ғана, әйтпесе бұл кітаптың жарыққа шыққанына бірнеше ай болды ғой. Тек қаламызға тұңғыш алып келініп отырған жайы бар. Еңбек ардагері Қылыш Телғараев ағамыз бен мұғалім Төлеген Балқыбаев ортаға шықырылды. Сонымен кітаптың танастырылымы басталып кетті. Қылыш ағамыз кітаптың кең таралуына өз тілетін білдірді.

Оқырмандармен кездесу барысында, әуелгі сөз тізгінін алған Санжар Керімбай «Қ.И.Сәтбаев халықаралық қоры» ҚҚ қамқоршылық кеңесінің Қаныш Сәтбаев туралы бастамасы зор екенін айтты. Бірақ бүгінгі кездесу ғалымның мерейтойына байланысты болып жатқан жоқ деді. Кітап авторының бірі С.Керімбай тұсауы кесіліп жатқан бұл кітаптардың ғалымның өмір жолына үлкен арнау екенін, бұл кітаптардың ғалым рухына ғана емес, өскелең ұрпақ, жас буынның Қаныш Сәтбаевтің ғұмырбаяндық шежіресіне қанығуға өте үлкен септігі болатынын тілге тиек етті. Және де мемлекет басшысының сөзінен цитата келтіре, Қаныш Имантайұлы туралы былай деді: «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының қазақ руханиятының темірқазығы Абай болатын болса, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов, ал қазақ ғылымының атасы Қаныш Имантайұлы Сәтбаев деген болатын.»

Соңғы жылдар ішінде Қаныш Сәтбаевтың еңбектерін насихаттауға, ғалымның ғылым мен қоғамға сіңірген ғұмыр жолын зерттеуге қосқан еңбектері үшін деп Қаныш атындағы арнайы үш дәрежелі орден тағайындағанын жеткізді. Әуелгі алтын төсбелгіні алпыс жылдық саналы ғұмырын Қаныш Сәтбаевты зерттеуге жұмсаған марқұм Медеу Сәрсекеге берілгенін айтты.

Құрсметті қонағымыз Санжар Керімбай «Отбасы хрестоматиясы» жобасының жетекшісі, «Қаныш және ғылыми майдан» кітабы авторларының бірі. Ол өз сөзін тағы жалғай түсті.

-Бұл кітапқа келу оқиғасының өзі қызық болды,-деп отыр ол. -Екі мың жиырма екінші жылы Қаныш Сәтбаев туралы ақырындап материал қарастыра бастаған кезіміз. Қолыма Медеу Сәрсекенің «Қазақтың Қанышы» деген кітабы түсті. Мен жеті жүз беттік кітапты аударып-төңкеріп, рахаттанып тұрып оқып шықтым. Бірақ, кітапты оқып болғанша кәдімгі пұшайман күйге түседі екенсің. Не үшін десеңіз, мына өмірдегі қамсыздығыңа өзің ұяласың. Осыншама мол мағлұматты бұл уақытқа дейін не үшін білмей келгенмін деп өзімнен-өзім қысылып, әбден жер болдым. Бұл кітап кезінде шыққан болу керек, біз ізденіп оқымағанбыз деп күйініп отырғанымда, кітаптың ең соңында автор бір абзацта бір шындықты жылт еткізеді. Сөйтсек, бұл кітап негізінде баяғыда жазылып қойған. Бірақ осындай да осындай Орталық Комитетте отырған белгілі чиновниктердің кесірінен бұл кітаптың желкесі қиылып, қималауға кеткен дейді. Содан қызығушылық кетті оянып. Бұл кітаптың авторы тірі ме, әлде өмірден өтіп кетті ме, ол жағын да білмеймін. Содан жиырма екінші жылы Өзбекәлі Жәнібеков туралы дерек жинап жүріп, Астанаға келген кезімде дастарқан басында Қаныш Сәтбвевқа байланысты әңгіме шығып кетті. Бір жігіт тұрып-тұрып алды да қазір қызық болады деп, бір кісіге хабарласып Медеу Сәрсеке деген кісінің қазір көзі тірі, осы Астана қаласында немересінің қолында екенін, егер сен барам дейтін болсаң, арғы күні үйге келсін, қабылдаймын депті. Келістім, ағамен кездестім, бірақ, барсам ағамыздың екі құлағы естімейді екен. Мен Қаныш туралы сұрақ қойған болам, ол кісі мүлде ести алмайды.

Сосын ол  кісі: «Әй, мен естімеймін, сен Қаныш туралы сұрайын деп тұрсың ғой. Онда былай болсын, сен маған сұрақ қоймай ақ қой. Мен айта берейін. Сен тыңдай бер» деді. - Болды, дедім. Ол кісі екі сағат бойы Қаныш Имантайұлы туралы, сол кітаптың жазылу, өртелу, оның Мәскеуден қайтадан басып шығу тарихының бәрін тарқартып берді. Осыншама кітаптың бізге жетпей қидаланып, қуғынға түскенін автордың өз аузынан естудің өзі бір бақыт болса, бір жағынан ауыр ой мен жауапкершіліктің жүгін арқалатып кеткендей болды. Осылайша «Қаныш және ғылыми майданның» алғашқы парақтары жазылып жатқанын кейін білдік», - деп Қаныш Сәтбаев туралы бір жарым сағаттық кітап таныстырылымында кітап авторы Санжар Керімбай тарау-тарауға бөлінген еңбектегі Қаныштың қандай тұлға болғанын, қандай кен орнын тапқанын, қандай қаланың салынуына себепкер болғанын, қандай ғалымдар мен мемлекет қайраткерлерінің тікелей араласуымен қазақ даласында қандай ғылыми-рухани жарылыс жасағанын жеткізе баяндап шықты.

Қаныш Имантайұлы Мұхтар Әуезовпен, оның еңбегінің наисхатталуына көп еңбек сіңірген деп отыр. Мұнан өзге жас ғалымдарға қамқор болған. Қазақстан Ғылым академиясын құруға мұрындық болып, осы жолда талмай тер төккенін айта түсті.

Санжар Керімбай ғалым аға туралы кең тоқталып өтті. Айтар сөз мұнымен түгеген жоқ. Ұзақ таңға айта беруге  дайын көрінеді. Арасында бейне көрсетілім ұсынады. Мұның өзі көпшілікті жалықтырып жіберуден сақтайтын сияқты. Дегенмен көп сөйлеу де жақсы емес. Қазақ айтады ғой: «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» дегенді келтіру керек еді. Жас оқушылар шыдамай орындарынан тұрып кетіп жатты. Сол үшін Қаныш туралы сөз қозғағанда жай әңгіме емес, нақты қызықты деректермен айту керек.

Санжар Керімбай ұлттық құндылықтарды қастерейтін қаламгер. Ол бар жанымен қазақтың құнды дүниелерін насихаттап, зерттеп жүр. Қазіргі жаңару заманында жастарымыз кітап оқымайды. Үлкендердің өзі кітап, газет дегенді ұмытып бара жатыр. Сол үшін ұлттық ұстанымымызды қайта қалпына келтіруіміз керек. Осы бағытта атқарар жұмыстар көп. Степногорск қаласында не жұмыстар атқарылып жатыр, осыған мән берейік. Мұғалімдер, үлкен кісілер жастарға бастамашыл болсын.

Қаныш Сәтбаев және оның еңбектерін насихаттайық. Ұлт болып қалуымыз үшін осындай қадамдарға баруымыз лазым. Онсыз мешеу күйінде кері кете береміз.

Степногорск қаласы әкімінің орынбасары Жанасыл Сабырұлы мен қалалық мәслихаттың төрағасы Олжас Жағыпаров Санжар Керімбайға қаламызға келіп, кездесу ұйымдастырғаны үшін алғыс сезімдерін жеткізді. Алғыс хат ұсынды. Ұлтымыздың жарық жұлдызы болған Қаныш Имантайұлының еңбегін насихаттап, қайта жандандырып жүрген кісіге құрметпен қараймыз. Жас буынға осындай ұлт тұлғаларын кең көлемде насихаттап, аға буын туралы мәліметтерді ен жайдыру мақсатымыз деді. Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерейтойы қарсаңында осындай кездесулер жиі болып жатыр. Ұлттың ұлы тұлғалары біздің мақтанышымыз болып қала береді.

Қаныш Имантайұлы Сәтбаев атындағы №9 орта мектептің ұстаздары мен қала зиялылары қаламгерге құрмет көрсетіп, иығына шапан жапты.

Кездесуден соң оқырмандар Санжар Керімбаймен ұшырасып, оның кітаптарына қолтаңбаларын алды. Естелік үшін фотосуреттерге түсті.

Кітап жәрмеңкесі көп санды оқырманарға қызығушылық оятты.

 

 

Просмотров: 82 | Добавил: Admin | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
avatar