Балаларды қорғаудың халықаралық күні Степногорск қаласында жақсы атап өтілді. 1-маусым күні сағат 11 кезінде Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы алаңда мереке басталды. Жыл сайын тойланатын мереке биыл да ерекше атап өтіліп жатты. Балаларды қорғау күнінде ересектер де мерекеге көптеп жиналды.
Жаздың алғашқы мерекесі осындай балаларды қорғау күнімен басталды. Барлық жақсылық балаларға жасап берілуде.
Мерекелік сахнада Степногорск қаласы әкімінің орынбасары Жанасыл Сабырұлы жұртшылықты, соның ішінде балаларды мерекемен құттықтады. Бұл күннің біз үшін маңызы үлкен екенін атап көрсетті. Алтын балалық шақ осындай бақытты күнмен басталады. Мереке оқу жылының аяқталуымен ұласып отыр. Үш ай жазға демалатын балалар мерекені қуана бастады.
Мәдениет саласының әртістері мен білім ұяларынан келген өнерпаздар барын ортаға сала бастады. Алаң қызылды-жасылды желекке оранды. Жарлытай киіз үйлер тігіліп, ойын мен сауық басталып жүре берді. Сауда да қыза түсіп, тәттілер үлестіру кең етек жайды. Оқу-өндірістік комбинатының мамандары көрме ұйымдастырып, ептілік танытқан балаларға сыйлықтар үлестіріп жатты.
Қазақстанда 1 маусым күні Халықаралық балаларды қорғау күні атап өтіледі. Халықаралық балаларды қорғау күні немесе Халықаралық балалар күні – жыл сайын өткізілетін, балаларды соғыс қаупінен қорғау, денсаулығын сақтау мақсатында атап өтілетін халықаралық мейрам. 1949 жылы Мәскеу қаласында өткен Әйелдердің Халықаралық демократиялық федерациясы конгресінің сессиясында ресми түрде қабылданған.
Алғаш рет 1950 жылы атап өтілді. Мұндай мерекені бекіту туралы ұсыныс алғаш рет 1925 жылы Женевада өткен Дүниежүзілік конференцияда жасалған болатын. Негізгі халықаралық шарт – 1989 жылы 20 қарашада Біріккен Ұлттар Ұйымы қабылдаған Бала құқықтары туралы конвенция.
Қазақстан Республикасы кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі негізгі халықаралық құқықтық құжаттарды ратификациялады, оларды жүзеге асыру барысында балалардың құқықтары мен міндеттерін белгілейтін тиісті заңдар мен қаулылар қабылданды. Бұл күні еліміздің түкпір-түкпірінде мәдени іс-шаралар өткізіліп, балаларға мерекелік көңіл күй сыйланады, соның ішінде көрмелер, шығармашылық фестивальдар, спорттық жарыстар және т.б. ұйымдастырылады.
Балаларды қорғау күнінің мақсаты – балалардың өмір сүруге, пікір бостандығына, білім алуға және қорғауға құқығы бар екенін еске салу.
Балалар күнін неге 1 маусымда атап өту туралы шешім қабылданды? Бір нұсқада айтылғандай, 1925 жылы Сан-Франциско қаласында Қытайдың бас консулы бір топ қытайлық жетім баланы жинап, оларға 1 маусым күні құлаған Дуан Ву Джи мерекесін ұйымдастырды. Сәтті кездейсоқтық арқылы бұл күн Женевада өткен «балалар» конференциясының уақытына сәйкес келді. Сонымен қатар әлем халықтары балаларға арналған Халықаралық нәрестелер күні (20 қараша), Африка балаларын қорғау күні (16 маусым) және Ақ орхидеялар күні («түтіктен» шыққан балалар мерекесі; сәуірдің алғашқы жексенбісі) сынды мерекелерді атап өтеді. Шын мәнінде балалардың әр күні мереке болуы тиіс. Олардың өмірінің қауіпсіз болуы, соғыстан қорғау, денсаулығын сақтау, болашақ ұрпаққа білім мен тәрбие беру барлығы кез келген адамның міндетіне кіру керек. Баланың ең сенімді қорғанысы – дені сау, тату, берекелі отбасы. Балалар біздің үмітіміз, болашағымыз. Қуаныш пен шаттыққа толы балалық шақтан асқан сұлулық жоқ, оны солай ету – отбасының, қоғамның, мемлекеттің міндеті.
Степногорск қаласында бірнеше жерлерде мерекелік концерттер болды. Қажымұқан алаңында болған концерт ең басты мереке болғаны рас. Берікбай Шұғаев бастаған кіріспе көрсетілім «Бақыт деген сенің бала күнерің» деп аталды.
Балеттік студия жастары «Алтын саусақтар» өнерімен жұртты тәнті етті. Айару Айтбай «Көңілді күн» әнімен ортаны толтырды. Ол «Қазақ елі» әнімен де қол соқтырды. «Менің елім» деген өнер туындысын «Счастливое детство» би тобы орындады. Сонымен кезек Биназар Алдоңғарға келді. Ол «Шаттық өмір» әнімен көзге көрінді. Айару Кәусар қобызшылар тобын бастап шықты. «Қамажай» туындысы керемет кейіппен көңілдерді көтерді. Ендігі кезек «Дастарқан» әніне берілді. Оны шырқаған жас әнші Айару Сайыпова болатын. «Дин дэн дан» деп аталған көңілді туындыны Варвара Мишустина шырқап берді.
«Счастливое детство» би тобы тағы да ортаға шықты. Бұл жолы бишілер «Выбражули» деп аталған өнер туындысымен көрермендерге қол соқтырды. «Жайна, туған жерім» әнін Інжу Альтай шырқады. Виктория Живжер болса «Хорошее настроение» әнімен сахнаның әрін келтірді. Сол сияқты «Мұзбалақ» туындысымен Айтмұхан Бернұр көптің көңілінен шықты. «Торт» биін «Счастливое датство» бишілері билеп берді.
«Қошақаным» әніне де кезек келіп жентті. Танымал бұл әнді «ApArte» тобының өнерпаздары орындады. «Достарым» деп аталған әнді Арлан Толқын шырқап, баршаның көңілінен шығуға тырысты. Сол сияқты «Давай» деп аталған туындыны Тимофей Злючий шырқады. Адель Шайхина болса «Қазақстаным Отаным» әнімен ортаны толтырды. Жас әншіміз Амангелді Ақылжан болса «Саржайлау» әнімен сахнаға шықты. Басуева Анастасия «Изменим наш мир» туындысын орындап берді. Тағы да Шайхина Адель ортаға келді. Бұл жолы ол «Мен әдепті баламын» деген танымал әнімен көңілдерді көктем етті. «Ата әже» әнімен Медина Айдархан өнер көрсетті. «Қамажай» биін «Счастливое детство» бишілері биледі. Анжелика Шалашова болса «Достық деген не?» атты туындысымен сахнаға көрік берді. Концерт мұнымен біткен жоқ. Джемма Ивания сахнаға шығып, «Лето» деген әнін шырқай жөнелді. Суфия Галиева да одан қалған жоқ. Ол «Лети» туындысымен көңілдерді көтерді. Сол сияқты, Виктория Татьянникова «Летим за мечтой» туындысымен жұртшылыққа қол соқтырды.
Білім ұяларынан келген өнерпаздар да барын базар етті. «Эксклюзив» ансамблі «Сары өзен» биімен көзге түсті. «Жаңа күн» әнін «Гармония» тобының әншілері шырқады. «Кудесники» студиясының өнерпаздары «Қамажай» биін билей жөнелді. №9 орта мектебінің үш қызы «Туған ел» деп аталған әнімен көңілдерден шықты. №7 орта мектептің өнерпаздары «Макарено» деген әнімен көрерменге қол соқтырды. Тағы да «Эксклюзив» тобы ортаға шықты. Бұл жолы олар «Ыңғайтөк» туындысымен қол соқтырды. Атамась Анастасия «Солнечный круг» әнін шырқады. «Лучики» әнін «5+» тобы орындады. «Қызыл телпек» әнін «Эксклюзив» тобының бишілері билеп берді. «Антошка» биін Заводскойден келген жас өнерпаздар биледі. «Эксклюзив» тобының бишілері «Халықтар достығы» және «Мы банда» билерін биледі. №7 орта мектептің өнерпазы Жомабай Самира «Ләйлім» әнімен көзге көрінді.
«Кудесники» тобының бишілері «По малину» биімен қол соқтырды. «Ақбұлақ» әнін №9 орта мектептің әншісі Қайратбек Әзиз шырқады. №8 орта мектептің өнерпаздар тобы флешмоб көрсетті. «Снами одной волне» деп аталған туынды көптің көңілінен шықты.
Дупутат Александр Накошный балаларды құттықтады. «Step dance Line» студиясының өнерпаздары «Рули вперед» биін биледі. №4 мектеп гимназиясының өнерпаздары Серік Әдемі мен Серік Әмина «Оранжевое солнце» әнімен көңіл көтерді. «Витаминики» би тобының өнерпаздары болса «Симпл Димпл» биімен көпке қол соқтырды. Исатай Алина мен Камал Жасмин «Тәтті» әнін шырқады. Асылхан Кәусар болса «Қазағым» әнімен назарға түсті. Балалар музыка мектебінің өнерпаздары «Ер Тұран» күйін орындап, көпшіліктің көңілінен шықты. «Шалқыма» тобының өнерпаздары «Алға» биін билеп берді. Сапаров Бахтияр болса «Еркін жұма» әнімен есте қалды. «Биле, жастар» әнін №5 КМЛ білім ұясының жас әншілері Сағындық Медина, Әлібек Ақерке және Аянат Сердалина шырқаған болатын. «Әжетайым» әнін №6 мектеп гимназиясының өнерпаздары яғни «Әндер» тобы шырқады.
Білім бөлімінің басшысы Алтын Оспанова балаларды құттықтады. Алғыс хаттар табысталды. Концерт одан әрі жалғасты. Милана Фаррахова, Амира Жұмағұлова ән шырқады. Дильнас Ысқақова, Қазкен Азиза, Ясмина Купешива және Қашкен Ақерке әндер шырқады. Ляйсан Әбжанова, Бова Надежда ән салды. «Көбелек» әнін Колпачок Маргарита орындады. Аякөз Бегайсбаева, Айару Хайрулла және Қабдеш Мадина өнер көрсетті. Ляйсан Әбжанова, Малика Купешева, Салима Жарыбаева, Шәрібек Мәдина, Еслям Нұрай және Екатерина Барабанова әндер шырқады. Одан әрі ойын бағдарламасы жалғасты.
Балаларды қорғау күні тамаша тойланды.
|